Мемлекеттік бюджеттен қай министрлікке көп қаржы бөлінеді?

Жарияланды
Шығарушы редактор
Министрліктерге қанша қаржы бөлінген? Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Зиперов Ахтам

2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік ведомстволарға (агенттіктер, министрліктер, комитеттер, облыстық бөлімдер) 6,3 трлн теңге бөлінген. Соның ішінде қазына қаржысын жұмсауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көш бастап тұр. Жыл басынан бері бұл министрлік 1,3 трлн теңгені игерген. Бұл туралы Қаржы министрлігінің статистикалық бюллетенінде жазылған.

2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Еңбекмин 1,3 трлн теңгені игерген. Бұл министрліктің дәстүрлі түрде көш бастауы түсінікті. Өйткені еліміздің бүкіл әлеуметтік блогы (жәрдемақы, зейнетақы, т.б) осы министрлікке қарайды. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, әлеуметтік салаға бөлінген қаржының өскені байқалады. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында Еңбекминге 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен кейін Қаржы министрлігі тұр. Қаржымин 3 айда 763 млрд теңге жұмсаған. Бұл министрлікке 2023 жылдың І тоқсанындағыға шамалас (757 млрд) қаржы бөлінген.

Денсаулық сақтау министрлігіне жыл басынан бері 606 млрд теңге бөлініп, үшінші орында тұрақтады. Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама артқан. Былтыр І тоқсанда 541 млрд теңге бөлінген.

Осы үш министрліктен басқа министрліктердің шығыны әлдеқайда аз. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігіне 145,2 млрд теңге бөлінсе, Ауыл шаруашылығы министрлігі 137,8 млрд теңгені игерген. Ал Ұлттық экономика министрлігіне 3 айда 134,8 млрд теңге бөлінді.

Жыл басынан бері еліміздің Ішкі істер министрлігіне 113 млрд теңге бөлінсе, Қорғаныс саласына жұмсалған қаржы 105,3 млрд теңгені құраған. Көлік министрлігі І тоқсанда 99,5 млрд теңгені игерсе, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 74,8 млрд теңге бөлінген.

Оқу-ағарту министрлігі – 73,7 млрд, Мәдениет және ақпарат министрлігі – 35,2 млрд, ТЖМ – 31,4 млрд, Сыртқы істер министрлігі – 27,4 млрд, Туризм және спорт министрлігі – 21 млрд, ЦДИАӨМ – 18,1 млрд, Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі 16,8 млрд теңгені игерген.

Қаржы аз бөлінген министрліктер

2023 жылдың қыркүйегінде құрылған 5 министрліктің бірі – Су ресурстары және ирригация министрлігіне жыл басынан 10,2 млрд теңге бөлінген. Әділет министрлігі 8,1 млрд теңге жұмсаған.

Қаржы ең аз бөлінген министрліктер: Энергетика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі. Энергетика министрлігінің жұмысына 3 айда 4,9 млрд теңге кетсе, соңғысына 1,9 млрд теңге жұмсалған.

Қаңтар-наурыз айларында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне 108 млрд теңге жұмсалған. Жоғарғы Сотқа – 22,3 млрд теңге, Бас прокуратураға – 11,1 млрд теңге, Президент әкімшілігіне – 3,6 млрд теңге, Үкімет аппаратына 1,6 млрд теңге бөлінген.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Кеңсесіне мемлекеттік бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген екен. Ал 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепте бұл тармақ жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз