Атырау облысында Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр

Жарияланды
Жайықта су деңгейі көтерілуде / Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысында Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп, аймаққа келген Қызылорда облысының төтенше жағдайлар күші бөгеттерді нығайтып жатыр.

«Атырау облысы Индер ауданы Индербор елдімекені Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр. Қазір Қызылорда облысы ТЖД күшімен бөгетті нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

9 мамырда Атырау облысының Құлсары қаласында су басқан аумақтардан су сору және дезинфекциялық жұмыстар тәулік бойы жалғасты. Құлсары қаласында ауданы 76 500 шаршы метр су басқан  аумақтарда дезинфекциялау жүргізді

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуін Атырау облысы айрықша бақылауға алып, мониторинг жалғасуда. Өңірдегі 111 секторда тасқынның алдын алу шаралары жүзеге асуда. Атырау облысы әкімдігінің мәліметі бойынша Ақсай, Көктем ауылдарындағы бөгетті нығайту жұмысы аяқталып қалды. Жайық-Каспий арнасы тереңдетілуде.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды.

Су тасқыны басталғалы бері 12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.

Сондай-ақ оқыңыз