Жаңалықтар

Қазақстанда тауар таңбаларын заңсыз пайдаланушылардан 4,5 млн теңге өндірілді

Тауар таңбаларын заңсыз пайдалануға қатысты 61 тергеу жұмысы жүргізілді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанда қорғалатын тауар таңбаларын заңсыз пайдаланушыларға қатысты 58 әкімшілік іс қозғалып, 4 539 914 теңге өндірілді.

«2024 жылдың бірінші тоқсанында аумақтық Әділет органдары авторлық құқық иелерінің шағымдары негізінде Қазақстанда қорғалатын тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуына қатысты жоспардан тыс 61 тексеру жүргізді», – деді баспасөзге арналған брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 24 млн теңгені құрайтын 82 435 контрафактілік өнім тәркіленген.

Сонымен қатар министрлік ел бюджетін толықтыру мақсатында шетелдік юрисдикцияларда мемлекет мүддесін білдіруге және қорғауға бағытталған бюджет шығыстарын қысқартуды бастаған. 

«2021 жылға бөлінген бюджет 25,6 миллиард теңге болса, 2024 жылға арналған бюджет 8 миллиард теңге болды. Тіпті жыл бойы бұл сома тағы да төмендетілетінін атап өтеміз. Бюджетті оңтайландыруға процессуалдық болашағы жоқ істерден бас тартудың, сондай-ақ өтелетін шығындар көлемін қайта қараудың арқасында мүмкіндік туды», – дейді ол.

Бұдан бөлек, ол  Қазақстанда жаңадан SAYRAM географиялық көрсеткіш тіркелгенін ресми мәлімдеді. Тарихи нысанның атын насихаттап, сауда-саттықта танымал ету мақсатында өтініш беруші серіктестік нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Сайрам» атауын таңдаған. Осылайша қазір Қазақстанда 5 географиялық көрсеткіш тіркелген. Олар: «Түркістан» балмұздағы, «Түркістан» шоколады, «Алматы апорты», «Қарағанды» ​​балмұздағы және «Сайрам» кексі.

Тауар таңбалаудың, оны сақтаудың маңызын түсіндірген едік. Халықаралық тәжірибеге сай,  тауарды таңбалау –  көлеңкелі тауар айналымын төмендетуге бағытталған құралдың бірі. Таңбаланған тауар тұтынушыларды жалған және контрафактіден қорғап,  өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ мемлекет сату тізбегін қадағалап, бизнеске арадағы делдал санын азайтуды ұсынып, сенімсіз кәсіпкерлердің үстеме пайда алуына жол бермеу мен тауар құнын реттеуге мүмкіндік алады.