Бектенов жылу жүйесінің жөндеу мерзімін кешіктірген меншік иелері мен әкімдіктерге шара қабылдайтынын ескертті

Жарияланды
Жылу жүйесін жөндеуге 128 млрд қажет / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстанда жылу желілерінің тозуы өте жоғары 12 қала бар. Олар «қызыл» аймаққа жатқызылды. Онда жылу желілері орта есеппен 73% тозған. Энергетика министрлігі басшысы Алмасадам Сәтқалиев қайта құруға 128 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет ЖЭО иелері мен әкімдіктерге жөндеу мерзімдерін бұзғаны үшін шара қабылдайтын ескертті.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы «қызыл» аймақтағы 19 жылу көзіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Әрбір нысан бойынша Энергетика министрлігіне апта сайын есеп беруді тапсырамын. Мерзімдер ауытқымауы керек.  Егер жұмыстың аяқталу мерзімі кешіктірілсе немесе сапасы тиісті деңгейден төмен болса, онда меншік иелеріне де, әкімдіктерге де шара қабылданатын болады», – деп ескертті Бектенов.

Ол жағдайды Кентау мен Степногорск, МАЭК және «Топар» МАЭС сияқты қыста мәжбүрлі жөндеуге дейін жеткізбеу керек екенін ескертті. Премьер жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуді тапсырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құраса, оның ішінде 6,9 мың км немесе 53%-ы ауыстыруды қажет етеді. Оның ішінде 1,6 мың км жеке меншікте, олар шамамен 70% тозған. Ең нашар жағдай Павлодар (Екібастұз – 91%, Павлодар – 83%), Ақмола (Степногорск – 82%, Атбасар – 76,5%), Солтүстік Қазақстан (Петропавл-74%), Қостанай (Арқалық – 68%, Рудный – 68%), Маңғыстау (Ақтау-71%) және Қарағанды (Теміртау – 67%) облыстарында. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылу желілерінің тозуын 2030 жылға қарай 43%-ға дейін төмендетуді тапсырған.

«Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 км жылу желілерін жөндеу қажет, шамамен қаржылық қажеттілік жылына 250 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 221 км жылумен жабдықтау желілерін жөндеу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға шамамен 128 млрд теңге қарастырылған», – деді Сәтқалиев Үкімет отырысында.

Жоғарыда көрсетілген соманың басым бөлігін (72,3 млрд теңге) республикалық бюджеттен бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар тағы 233 шақырым жылу желілерін жөндеуге 162 млрд теңге қажет. Осы ақшаның 119 млрд теңгесін 70 жаңа жобаны іске асыруға және 43 млрд теңгесін – басталғандарын аяқтауға бағыттау жоспарланған. Сондай-ақ Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы жөндеуге Үкімет резервінен 41 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда. 2023 жылы жылу желілерін жөндеуге 175 млрд теңге бөлініп, 336 км жөнделді.

«Алдағы жылыту маусымының үздіксіз өтуі мақсатында 12 қалада 47,2 км жөндеуге 33 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 90 км жылу желілерін жаңғыртуға 46 млрд теңгеге жуық қосымша қажеттілік бар», – деп атап өтті Энергетика министрі.

Ол жылыту маусымында (қыркүйектен сәуірге дейін) Қазақстанда жоғары тозуға байланысты жылумен жабдықтау жүйелерінде 35 технологиялық бұзушылық анықталғанын айтты. Бұл ретте Энергетика министрі олардың саны алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда 56% төмендегенін атап өтті. Технологиялық бұзушылықтар негізінен Абай, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ, Алматыда болды.

Кентау, Риддер және Қызылорда ЖЭО-ларын жаңғыртуға үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінді. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов осы қалалардағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулыларға қол қойған.

Жалпы еліміз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногор, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларындағы 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар инвестициялық келісімдер аясында осы күндері Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз