Әйеліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деп күдіктеледі: БАӘ-ден қайтарылған дипломаттың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды
Сәкен Мамаштың
Астана қаласы полиция департаменті Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Әйеліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен қазақстандық дипломат Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайлы Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа мәлімет жария етілмейді»,– делінген хабарламада.

Айта кетейік, дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұрап видео жариялады. Оның айтуынша, күйеуі – Қазақстанның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі болып қызмет еткен.

Өз кезегінде СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі кеңесшісінің әйелінің бұл мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Ол Қазақстан елшісі кеңесшісінің ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын мәлімдеп, Сәкен Мамаштың шұғыл түрде елге қайтарылатынын айтты.

Әйелінің видео-үндеуі

Дипломаттың әйелінің үндеуі «НеМолчи» қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Онда БАӘ Елшілігінің кеңесшісінің әйелін үнемі ұрып-соққаны, ал 5 мамырда әйелдің үлкен әпкесіне де күш қолданғаны туралы жазылған.

«Мен, Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ елшісінің кеңесшісі Мамаш  Сәкен Ташкенбайұлының әйелімін. 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келемін. Мен жұбайымның маған көрсеткен бүкіл қорлығы үшін дипломат мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Ол маған физикалық, жыныстық, эмоционалды, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті», – дейді зәбір көрген әйел.

Осы орайда «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Президентке, Ішкі және сыртқы істер министрліктеріне үндеу жасады.

«Ішкі істер министрлігінен Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі жасап отырған әрекетке араласып, әйелін күйеуінен қорғауды талап етеміз. Ол әйелі мен оның әпкесін ұрып-соққан. Фото мен видео азаптаудың болғанына дәлел. Президент Тоқаевқа, ІІМ, СІМ-ге ресми үндеу жасаймыз. Зорлықшының үстінен қылмыстық іс ашуды талап етеміз! Видеоға қараңыздар, Мөлдір Қабылова мен Салтанат Нүкенованың тағдыры қайталанып жатыр, – деді Дина Таңсәрі.

Сондай-ақ оқыңыз