Alma TV байланыс операторына жасалған кибер шабуыл тек ресейлік арналардың жұмысына әсер еткен

Жарияланды
кибер шаубыл
Кибер шабуыл Мәскеудің Қызыл алаңынан тікелей эфир жүріп жатқан кезде жасалған /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Alma TV байланыс операторына 9 мамыр күні кибер шабуыл жасалды. Бұл шабуыл негізінен Ресей платформасына тиесілі арналардың жұмысына әсер еткен. Қалған арналар мен қызмет түрлері штаттық режимде жұмыс ісетеген. Бұл жайлы «Алма тел» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 09 мамырда сағат 12:02-де интернет-хабар таратуда үзілістер байқалғанын назарларыңызға жеткіземіз»,– делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шабуыл аналогтық, цифрлық, спутниктік теледидар қызметтеріне кедергі келтірмеген. Оператордың басқа сервистері штаттық режимде жұмыс істеген.

«Қызмет провайдерінен алынған мәліметтерге сәйкес, сәтсіздікке көп деңгейлі кибершабуыл себеп болды.Компания мамандары оқиғаға жедел әрекет етіп, сервистің жұмысын қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдады. Қазіргі уақытта қызмет толық қалпына келтірілді және штаттық режимде жұмыс істейді. Alma+ осы оқиғадан туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін өз клиенттерінен шын жүректен кешірім сұрайды. Біз абоненттеріміздің сенімін жоғары бағалаймыз және қызметтерді үздіксіз және сапалы ұсынуды қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз»,– деп мәлімдеген компания.

Интернет телевизиясының жұмысына кедергі келтірген бұл кибер шабуылдың нақты қандай серверлерге жасалғаны туралы TV Commerce (Отау ТВ) компаниясының директоры Талғат Шәкенов айтып берді. Кибер шабуыл Қазақстан арналарына жасалмаған.

«Интернет-телевизия желісінде қазақстандық және шетелдік телеарналардың тікелей көрсетілімін қамтамасыз ететін хабар тарату серверлеріне хакерлік шабуыл жасау актісі тіркелді. Соның салдарынан телеконтенттің тікелей трансляциясы үзіліп, контент саяси мазмұндағы видеоконтентке ауыстырылды. Шамамен 12 сағаттан кейін бұл олқылықтар жойылды. Бірақ нақты қазақстандық операторларға шабуыл жасалған жоқ. Alma TV операторы ресейлік видеоплатформаны қолданады. Интернет-хабар таратуға қатысты оператордың жұмысына жасалған кибер шабуыл әсер еткен болып тұр»,– дейді.

Компания басшысының айтуынша, мұндай шабуылдан Қазақстан платформасында жұмыс істейтін операторлар зиян шекпеген.

«Бұл кибер шабуылдан зиян шеккен AlmaTV операторы. Otau TV спутниктік хабар тарататындықтан оның жұмысына да еш әсер етпеді. «Қазтелерадионың» интернет хабар тарататын «Ғалам ТВ» операторы да бұл шабуылдан зиян шекпеген»,– дейді Шәкенов.

Айта кетейік, кибер шабуыл Ресей платформасында Қызыл алаңдағы әскери шерудің тікелей эфирі жүргізіліп жатқанда жасалған.

21 ақпанада қытайлық хакерлер тобы екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының инфрақұрылымын бақылап отырғаны белгілі болған. GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Құпия деректерге сай, бір қытайлық хакерлік топ 2 жылға жуық уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымына толық қол жеткізген.   

Өз кезегінде ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бұл ұрлықтың артында үлкен бір мемлекеттің мүддесі жатуы мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ дөп басып бұл ұрлықты Қытай жасады деп айта алмайтынын да жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз