Нидерландық компания «ҚазМұнайГазға» жылжымалы айлық құрылғыларын салуды үйретеді

Жарияланды
«ҚазМұнайГаз» компаниясы Нидерландияның Bluewater компаниясымен келісімге отырды / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Нидерландияның Bluewater Energy Services B.V. компаниясымен жылжымалы айлақ құрылғылары бойынша болашақ жобалар саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

10 мамыр күні ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Bluewater Energy Services компаниясының вице-президенті Мишель Бонте тиісті құжатқа қол қойған.

Бұл келісім Қазақстанның отандық мұнай экспортын дамытуға септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен бірге ынтымақтастық шеңберінде Bluewater техникалық сарапшылары халықаралық тәжірибемен бөлісіп, қазақстандық мамандарды Каспий және Қара теңіз акваториясында жылжымалы айлақ құрылғылары жобаларын іске асыруға үйретеді.

Bluewater Energy Services B.V. – 1978 жылы құрылған. Мұнай-газ тасымалдауға қажетті теңіз құрылғыларын өндіретін көшбасшы компания саналады. Олар дәстүрлі айлақтармен бірге инновациялық жылжымалы автоматтандырылған айлақ құрылғылары мен түрлі осы салаға қажеті теңіз құрылымдарын өндіреді. Компания сондай-ақ теңіздегі терең бұрғылау ұңғымаларынан шикі мұнай өндіретін және оны одан әрі жағаға тасымалдайтын танкер типті жүйелерді де жобалайды.

Құжатқа қол қою барысында ҚМГ басшысы бұл келісімнің мұнай экспортын дамытуға жол ашатынын атап өткен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандық мұнайдың қауіпсіз және үздіксіз экспортын қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет қойды. «Bluewater» бұл салада мол тәжірибеге ие. Бүгінгі қол қою рәсімі стратегиялық әріптестігіміздің маңызды кезеңін айқындай түседі», – деді ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

Өз кезегінде «Bluewater Energy Services» өкілі компанияның Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға ниетті екенін жеткізді.

«ҚМГ-мен қол қойылған бүгінгі келісімнің арқасында елдің мұнай-газ секторын дамытуға қосымша үлес қосуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Бұл екі компания үшін де, Қазақстан мен Нидерланд үшін де аса маңызды», – деді Мишель Бонте.

Еске сала кетсек, «Қазмұнайгаз» Әзірбайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 1,5 есе арттыруды көздеп отыр. Бұл жайлы наурызда Мағзұм Мырзағалиев айтқан болатын. Екі тарап арнайы келісімшартқа отырған. Оның негізінде айына тасымалданатын 120 мың тонна мұнай көлемі қосымша 60 мың тоннаға артады. Осылайша Қазақстаннан Әзірбайжан аумағы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 180 мың тоннаға жеткізіледі.  

Сондай-ақ оқыңыз