Сербия су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына 1 млн еуро жіберді

Жарияланды (жаңартылды )
Сербия су тасқынынан
Сербия су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 1 млн еуро бөлді / Фото: kursiv.media

Сербия республикасы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млн еуро жіберген. Бұл жайлы «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі хабарлады.

«10 мамырда «Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті. Бұл – екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік пен достықтың символы»,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылғы 6 мамырда екі елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлескен. Президенттер әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, бұрын қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру және Қазақстан Президентінің Белградқа алдағы сапарын ұйымдастыру мәселелерін талқылаған. Ал 4 күн өткен соң, Сербия елінен қомақты қаражат түскен.

Бұл қаражат тасқын судан зардап шеккендерге баспана салуға жұмсалмақ. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Сербия республикасының бұл шешімін екі ел арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік нәтижесі деп бағалады.

«Бұл жәрдем екі ел арасындағы ынтымақ деңгейін көрсетеді және шетелдік донорлардың біздің қызметімізге артып келе жатқан сенімін білдіреді»,- дейді Жәмішев.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың 10 мамырдағы жағдай бойынша табиғи апаттан қираған тұрғын үйлерді салуға қордан бөлінген 10 миллиард теңгеден бөлек қосымша 5,3 миллиард теңге жиналған.

Қазақстан 2014 жылы алапат су тасқынына байланысты Сербияға шатыр, дәрі-дәрмек пен ең қажетті заттарды жіберіп, гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.

Еске салайық, наурыз айының соңында қордың су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 5 млрд теңге бөлетіні хабарланды. Ал 9 сәуір күні қордың қосымша 5 млрд бөліп, жалпы соманы 10 млрд теңгеге жеткізетіні белгілі болды.

«Курсив» су тасқынынан зардап шеккендерге елдегі компаниялардан бөлінген қаражатқа қатысты арнайы инфографика дайындады. Ол деректермен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.  

Сондай-ақ оқыңыз