Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар қызметі өткізген брифингте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов хабарлады.
Облыста зақымданған үйлердің 95%-ы тексеруден өтті. Оның 796-ын жөндеу қажет. Ал 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес.
«Арқалық қаласында «Базис А» ЖШС-нің қаржыландыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр. Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген», – делінген ОКҚ ақпаратында.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатының есебінен БҚО-да 114, Ақмола облысында 97, СҚО-да 100, Қостанайда 100 үй тұрғызылады. Оған қоса СҚО-да Kaspi АҚ 300, Kazakhmys корпорациясы 100 үй құрылысын жүргізуге қаражат бөледі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева су тасқыны салдарынан бүлінген баспаналардың орнына 80 және 160 шаршы метрлік үйлер жобасы әзірленгенін хабарлады.
10 мамырда «Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті. Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың 10 мамырдағы жағдай бойынша табиғи апаттан қираған тұрғын үйлерді салуға қордан бөлінген 10 миллиард теңгеден бөлек қосымша 5,3 миллиард теңге жиналған.