Қазақстан Ресейден қосымша 80 мың тонна қант сұрады

Жарияланды
Фото: архив, kursiv.media  

Қазақстан Ресейден қосымша 80 мың тонна қант жеткізуді сұрап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде қант қажеттілігі жылына – 550 мың тонна. Бүгінде 90 мың тонна қант бар. 

«Бұдан бөлек, 120 мың тонна қант квотамен алынады. Бұл өнім мамырдан бастап түсе бастайды. Сондай-ақ бажсыз кіргізетін 300 мың тонна қант құрағы бар. Сондықтан бізге қант жетеді деп айтуға болады. Жуырда мен Ресейдегі әріптесіммен қосымша тағы 80 мың тонна қант жеткізу туралы сөйлестім. Кім біледі, ертең жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан дайын болайық. Бірақ биыл қант жағы 100% қамтылады деп ойлаймын», – деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ Сапаров 2028 жылдың соңына дейін ішкі нарықты отандық қантпен қамтамасыз етуді 46% -дан  50% -ға дейін ұлғайту жоспары тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі әлеуметтік маңызы бар бес өнім импортқа тәуелді.

«Тауық еті ішкі нарықтың 73%-ын қамтыды, бұған дейін 58% болған. Шұжық өнімдерімен қамту 50%, балық – 69%, сүзбе бойынша – 46%. Қант бойынша айтсақ, қант қамысын қосқанда қамтамасыз ету 46%-ды құрайды. Ал егер қант қамысын есепке алмасақ, онда бізде тек 10% ғана қамтамасыз етілген. Сондықтан бүгінгі таңда арнайы әзірленген жол картасы бар. Біз қант қызылшасының алқаптарын ұлғайтып, 2028 жылдың соңына дейін қант қызылшасының көлемін 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз»,– деді Айдарбек Сапаров.

Еске салсақ, таяуда Ресей федерациясы қант экспортына уақытша шектеу енгізген еді.

«Ресей қамыс немесе қызылша қантын және химиялық таза сахарозаны экспорттауға уақытша тыйым салды. Тиісті қаулыға қол қойылды», – делінген Ресей үкіметінің ресми телеграм-арнасында жарияланған хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шектеу 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Шешімнің ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтау мақсатында қабылданған. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың күзінде жарияланған мәліметтеріне сүйенер болсақ, елімізде қант өндірісі күрт төмендеп, Ресейден келетін импорт үш есеге артқан. Бюро деректері бойынша 2023 жылдың тамыз айында елде 9,3 мың тонна қант өндірілген. Бұл шілде айымен салыстырғанда 46,7%-ға кем. Яғни 8,1 мың тоннаға аз. Ал 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан – 79,1%-ға немесе 35,2 мың тоннаға аз.

Сондай-ақ оқыңыз