Жаңалықтар

Жекешелендіру жоспарына енген «Батыс Транзит» компаниясының міндеттемелері 2023 жылы 1,5 есе артқан

«Батыс Транзит» компаниясының міндеттемелері артқан. Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов.

«Батыс Транзит» компаниясы былтыр міндеттемелерін 1,5 еседей арттырған. 2022 жылы компанияның міндеттемелері 24 млрд теңгеге тең болса, 2023 жыл қорытындысында 34,5 млрд теңгеге жеткен. Аталмыш компания Үкімет бекіткен «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» енген.

2005 жылы құрылған компания электр энергиясын беру және тарату, электр желілері мен қосалқы станцияларды пайдалану, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізумен айналысады. Оның 20 пайыз акциясы – KEGOC ұлттық операторына тиесілі. KEGOC-тың жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына қоры» болса, қор Қазақстан үкіметіне қарайды. Яғни ел Үкіметі Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар және олармен еншілес, тәуелді ұйымдарды жекешелендіру жоспары аясында компаниядағы 20 пайыз үлесін жекеге беруді жоспарлап отыр.

«Батыс Транзиттің» 80 пайыз үлесі «Мехэнергострой» ЖШС-на тиесілі. Ал бұл ЖШС-ның жалғыз қатысушысы – «Компания Паритет» ЖШС деп көрсетілген. Бұл компанияға «Pro Capital» иелік етеді.

34,5 млрд теңгеге тең міндеттеменің 26,1 млрд теңгесі ұзақмерзімді болса, 6,3 млрд теңгесі – қысқа мерзімді міндеттемелер.

Компанияның міндеттемелерімен қатар, жиынтық активтері де өскен. 2022 жылы жиынтық актив көлемі 37,2 млрд теңгені құраса, 2023 жыл нәтижесінде 47,1 млрд теңгеге жеткен. Меншікті капиталы – 14,6 млрд теңге.

Таза пайдасы қандай?

Компанияның жалпы кірісінде аса өзгеріс жоқ. Жалпы кірісі 2022 жылғы 4,2 млрд теңгеден 4,6 млрд теңгеге жеткен. Есесіне таза пайдасы аздап азайған. 2022 жылы шамамен 1,6 млрд теңге пайда тапса, былтырғы көрсеткіш 1,5 млрд деңгейінде қалыптасқан. Компания өз акционерлеріне 2022 жылы да, былтыр да дивиденд төлемеген.

2005 жылғы 28 желтоқсанда компания Қазақстан Үкіметімен концессиялық келісім жасаған. Келісімге сәйкес, Үкімет компанияға «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісін салу және кейіннен пайдалану айрықша құқығын берген. Концессия шартының қолданылу мерзімі – 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Жоба акция мен облигация шығару және қарыз алу арқылы қаржыландырылды. Облигациялық несие инфрақұрылымдық облигацияларды шығару мен орналастыруды қамтиды. Келісімге сәйкес, 2006 жылы Топ кепілдік берілген инфрақұрылымдық купондық облигацияларын шығарған. 2019 жылдан бастап купондық мөлшерлеме жылдық 10,50% деңгейінде бекітіліп, 2025 жылдың 30 қарашасынан 2025 жылдың 19 желтоқсанына дейін өтеледі.