Илон Масктің X компаниясы Аустралия үкіметіне қарсы сотта жеңіске жетті

Жарияланды
Шығарушы редактор
Аустралия сот Үкімет бұйрығының күшін жойды / Архив kursiv.media

Илон Маск пен оның X Corp. (бұрынғы туиттер) әлеуметтік желісі Аустралия үкіметіне қарсы сотта жеңіске жетті. Сидней сотында төрағалық етуші судья Үкіметтің желіден бейнежазбаны өшіру туралы бұйрық берген қаулысының күшін жойып, осы іске қатысты сот отырыстарын кейінге қалдырды.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, 13 мамырда судья Джеффри Кеннетт Сиднейде пышақпен шабуыл жасаған адамның бейнежазбаларын өшіру туралы Үкімет бұйрығының күшін жойды. Ол осыған дейін Аустралия федералды сотының Үкімет бұйрығын құптау туралы шешімін неліктен жоққа шығарғанын түсіндірмеді. Сот шешімімен 15 мамырға дейін екі тарап істі медиация жолымен шешу үшін кездесуі керек. Егер мұндай шешім қабылданбаса, жыл соңына дейін тағы бір сот процесі болуы мүмкін.

X компаниясы Аустралия билігінің талабын сөз бостандығына шектеу қою деп бағалап отыр. Оның басшысы Илон Маск заң шеңберіндегі кез келген мәліметтерді қорғайтынын айтты. 

«Аустралияның алаңдаушылық тудыратын мазмұнды алып тастау туралы талап қойған қауіпсіздік комиссарының бүкіл әлем бойынша X пайдаланушылары не көре алатынын шешуге күші жоқ», – деді Маск.

Комиссар барлық әлеуметтік желге 15 сәуірде Сидней шіркеуінде болған шабуылдың бейнежазбаларын жоюды бұйырған. Алайда X компаниясы бейнежазбаларды аустралиялық көрермендерден жасыруға келіскенімен, халықаралық пайдаланушылар үшін материалдарға қол жетімділікті сақтап қалды.

Бұл оқиға Маск пен Аустралия үкіметі, соның ішінде премьер-министр Энтони Албанезе арасында пікірталас тудырды. Кәсіпкер Аустралияны интернетті басқаруға және сөз бостандығын цензуралауға тырысты деп айыптап, ал Албанезе Маскты тәкаппар деп атады.

«Ол Америка Құрама Штаттарында өзін австралиялық заңдардан жоғары деп санайтын миллиардер», – деді Албанезе.

Илон Маск Twitter-ді шамамен, 44 миллиард долларға сатып алды. Ол бірден кадрлық қысқарту жүргізді және платформада түбегейлі өзгерістер жасады. Қазір компанияны ең ірі акционер, техникалық директоры және атқарушы төрағасы есебінде басқарады. Мұнымен қоса, Илон Маск Tesla автомобиль өндірушісі мен SpaceX аэроғарыштық компаниясының бас директоры екені белгілі.

2023 жылдың күзінде миллиардер ендігіде X/Twitter-дің ақылы болатынын мәлімдеген. Әлеуметтік желінің қазірде 550 миллионға жуық ай сайынғы пайдаланушылары бар. Мұндай ауқымды аудиторияға ие желінің «үлкен бот әскерлерімен» күресу үшін «ай сайынғы төлемге ауысатыны» баяндалды.

Сондай-ақ оқыңыз