Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Жайықмұнай» ЖШС-нің 2023 жылғы аудиторлық есебі жарияланды.
Құжатқа сүйенсек, «Жайықмұнай» ЖШС-нің 2023 жылғы таза шығыны 93,1 млн долларды құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда(83,3 млн доллар) 10 млн долларға жоғары.
Компанияның жалпы табысы 44,4 млн долларды құрады. Бір жыл бұрын көрсеткіш 114,9 млн доллар болған. Бұл ретте «Жайықмұнайдың» кредиторлар алдындағы қарызы 1,2 млрд доллардан асты. Ал жиынтық активтері 322,5 млн долларды құрады.
Компанияның 2023 жылғы қаржылық есептілігінің аудитін «Эрнст энд Янг» ЖШС жүргізді. Аудиторлық қорытындыға сәйкес, қаржылық есептілік 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Жайықмұнай» ЖШС-нің қаржылық жағдайын, сондай-ақ оның қаржылық нәтижелерін және ҚЕХС-ға сәйкес көрсетілген күні аяқталған жылдағы ақша қаражатының қозғалысын көрсетеді.
Айта кететіні, Тимур Құлыбаев 2010 жылы «ҚазСтройСервис» компаниясы арқылы жобаға 27% үлесімен кірді. Қаңтар оқиғасынан кейін ол «Жайықмұнай» компаниясынан кетті.
Nostrum Oil & Gas Plc – мұнай мен газ өндірумен және Каспий маңы ойпатындағы мұнайгаз кен орындарын барлау және өңдеумен айналысатын тәуелсіз мұнайгаз компаниясы. Қазақстандық «Жайықмұнай» ЖШС – осы компанияның еншілес ұйымы.
«Жайықмұнай» ЖШС – мұнай мен газ конденсатын барлау, өндіру және сатумен айналысатын мұнайгаз кәсіпорны. Компанияның өңдеу жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар Чинарев кен орны мұнайға бай Каспий маңы ойпатының солтүстігінде орналасқан. Ол Қазақстанның Ресей шекарасына жақын аймақта орналасқан.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазан айында Nostrum Oil & Gas PLC еншілес ұйымы «Жайықмұнай» ЖШС үшінші тоқсандағы және тоғыз айдағы операциялық нәтижелерін жариялады. Компания есебінен табысының бір жыл бұрынғы көрсеткіштен төмен болғанын көруге болады. 2023 жылдың тоғыз айындағы кірісі 88 млн доллардан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Десе де компания басшылығы сатылымдар мен кірістер 2023 жылдың жоспарына сәйкес келетінін мәлімдеген.
Nostrum Oil Батыс Қазақстан облысындағы кен орнында өндірісті бастауды жоспарлап отыр.