Әлемде бидай бағасы қымбаттап жатыр. Бағаның өсуіне Ресейде мамыр айында жүріп өткен аяз себеп болған. Bloomberg мәліметінше, Чикаго тауар биржасында астық фьючерстері 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Срапшылар алдағы маусымда бидай өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 6 %-ға төмендеуі мүмкін деп болжайды. Оған құрғақшылық пен ауа райының қалыпты салқындығы әсер етеді.
Ресей бүгінде әлемдегі ең ірі бидай өндіруші ел саналады. Сол себепті оның ішкі нарығындағы өзгерістер, әлемдік бағаларға өз әсерін тигізбек. Ресей астық одағы жүргізген талдауларға сүйенсек, сәуір айында баға 5,5 %-ға өсіп, бидай тоннасына 11,5 мың рубльді құраған. Оның үстіне трейдерлер алдағы маусымда бидай бітік шықпай қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл да бағалардың өсуіне себеп.
«Осы жылы елде 139 млн тонна астық өндіріледі деп болжаған едік. Алайда бұл көрсеткіштер айтырлықтай азаяды. Сонымен бірге АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы көрсеткендей, Еуропалық Одақ елдерінде бидай мен астық өндірісінің төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде жаңа маусымда осы дақылға арналған астық балансының төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ департамент әлемдік қорлар 2015-2016 жылдардағы ең төменгі деңгейге дейін төмендейді деп болжайды, бұл бағаның көтерілуіне әкелетін маңызды сигнал», – дейді «ПроЗерно» аналитикалық компаниясының директоры Владимир Петриченко.
Қолайсыз ауа райы тек Ресейдегі егістік жағдайына әсер етіп қоймаған. Басқа елдердегі ауа райы жағдайы да күрделене түскен. Мәселен, АҚШ пен Австралияда құрғақшылық болған, ал Еуропаның Франция, Германия және Ұлыбритания елдерінде, керісінше, қатты жаңбыр салдарынан егін егуде қиындықтарға тап болған.
Ресей билігі мамырда жүрген үсік салдарынан келген шығынды әлі есептемеген. Ресейдің ауыл шаруашылық министрлігі үсік шалған дақылдардың орнына астық егілетінін мәлімдеген.
Ал Қазақстандағы астық жағдайына келер болсақ, көктемгі су тасқыны кезінде Солтүстік Қазақстанның біраз жерлері зиян шекті. Алайда АШМ бұл жағдайдың астық науқанына кедергі болмайтынын мәлімдеді. Ведомство хабарлауынша, жоспарланған егіс алаңдары су тасқынынан зардап шекпеген. Сонымен бірге бұл егіс алқаптарында, топырақтағы ылғал қоры жеткілікті деңгейде. Бұған 2023 жылдың қыркүйегіндегі қатты жаңбыр мен қарлы қыс әсер еткен.