«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін азаматтар есепшотында 1 млн теңге депозиті болуы керек. Сонымен қатар атында баспанасы болмағаны абзал. Бағдарлама шарттары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы» банк өкілдері айтты.
«2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады», – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарушы директоры – Орталық филиал директоры Жансұлтан Матай.
Банк өкілінің айтуынша ұпайлар келесі жолмен есептеледі:
- салым бойынша сыйақы мөлшері – әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
- тіркелген некенің болуы – 5 ұпай;
- балалардың болуы – 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы – 10 ұпай;
- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.
Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға басымдық берілмек. Өтініші қабылданып, банктен мақұлдау алған үміткерге баспана іздеуге 6 ай уақыт беріледі.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша қанша пәтер беріледі?
Сонымен бірге «Отбасы» банк «Баспана маркет» порталындағы пәтерлер санын 40 мыңға жеткізбекші. Бұл жайлы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
«Наурыз» бағдарламасы мемлекеттің экономикалық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Біз осы жылдың бірінші тоқсан қорытындысына қарап тұрғын үй құрылысы саласында айтарлықтай өзгеріс болып жатқанын көре аламыз. Оның үстіне ТМД елдері ішінде елімізде туу көрсеткіші де артты. Сонымен бірге өмір сүру ұзақтығы да 74 жасқа жетті. Бұл факторлардың барлығы тұрғын үй құрылысы саласына оң әсер етеді. Сол үшін де біз құрылыс компанияларын банкпен серіктестікке шақырамыз. Біз олардың пәтерін Баспана маркетке енгізіп, тұтынушылар таңдауының артуына жағдай жасағымыз келеді»,– деді банк басшысы.
Айтуынша, аталмыш маркетплэйсте қазіргі уақытта 8,5 мың пәтер бар. Алдағы уақытта олардың санын 40 мыңнан асыру жоспарланған.
Пәтер бағасы көтерілуі мүмкін бе?
Өз кезегінде бұлайша ипотекалық бағдарламалардың артуы пәтер бағасына әсер етуі мүмкін. Банк өкілінен журналист осы мәселені сұрады.
«Әдетте жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылған сәтте нарықтағы үй бағасы қымбаттай түседі. Жалпы жаңа бағдарламалардың іске қосылуы үйлердің бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін бе? Сіздер нарыққа талдау жасадыңыздар ма? Сонымен бірге «Наурыз» бағдарламасы бойынша үй табуға 6 ай уақыт берілетіні жазылған. Осы жарты жыл ішінде үй қымбаттап кетуі мүмкін ғой», – деп сұрады журналист.
Жансұлтан Матай банктің құрылыс компаниясымен келісімшартқа отыратынын, олардың сол келісімге отырғаннан бастап бір жыл ішінде бағаларды көтермейтінін айтты.
«Құрылыс компаниялары ұсынған пәтерлердің бағасын біздің банк қызметкерлері нарықтық бағамен салыстырады. Егер компания ұсынған баға нарықтық бағадан жоғары болса, ондай пәтерлерден банк бас тартады. Ал егер бағасы қолжетімді болса, ондай компаниялармен келісімшартқа отырамыз. Олар келісімге отырғанда бағаны көтермеуге міндеттеледі. Бұл шаралар нарықтағы бағалардың өсіп кетпеуі үшін жасалып жатыр»,– дейді банк өкілі.
Сонымен бірге Мамай елімізде бір жылда 360 мыңға жуық сатып алу мәмілесі жасалатынын атап өтті. «Отбасы банк» былтыр 68 мыңның үстінде заем берді. Бұл бір жылда жасалатын барлық мәміленің 18-20 пайызын құрайды. Ал «Отау» бағдарламасы аясында 8 мың пәтер беріледі. Бұл айналып келгенде барлық мәмілеленің 2 пайызын ғана құрайды екен. Банк басшылығы бұл көлемнің бағалардың ауытқуына әсер ете қоймайтынын айтады.
Еске сала кетсек, «Отбасы банк» өкілдері «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасымен баспана алу шарттарына тоқталды. «Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, сондай-ақ моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңге болса, қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.