Жаңалықтар

14 адам қаза тапқан «Семей орманындағы» өртке кінәлі екі адам 7 жылға сотталды

«Семей орманы» резерватындағы өртке екі басшы кінәлі деп танылған/ Фото: ТЖМ

2023 жылдың маусымында «Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл жайлы Абай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бородулиха аудандық сотында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қаралды»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Семей орманы» резерватында және Новошульба филиалында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. есімді азаматтардың үстінен сот жүрген. Олар орман өрті кезінде өздеріне жүктелген өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін айыпталған. Сонымен сот лауазымды тұлғалардың өртке қатысты жағдайды дұрыс бағаламағанын және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпегені себепті 14 адам қаза тапқанын анықтаған.

Басшылар В. және К. есімді азаматтардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен толық дәлелденген.

«Сотталушылардың екеуінде де жас балалардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы түріндегі жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот В. және К.-ны кінәлі деп тауып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,– делінген хабарламада.

Ал негізінінен Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Семей орманындағы өрт

Еске сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.

11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда соңғы уақытта орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техниканың себеп болғанын айтты. Министрдің айтуынша, өрт сөндіруде орманшылар 1971 жылғы техниканы қолданады. Өртке табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеуі себеп болған. Нысанбаев мекемелердің 70% ғана қамтамасыз етілгенін айтты. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады. Мысалы, Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған. Сонымен бірге 1974 жылы шыққан ГАЗ-66 мен 1973 жылы шыққан Урал-375 көлігі пайдаланылатыны айтылды.