Жаңалықтар

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Абылай Мырзахметов 5 жылға сотталды/ kursiv.media

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін (ҚК 190-бабы  4-бөлігінің 2) тармағы) Абылай Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс қаралды.

Абылай Мырзахметов 2022 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін Б.-ға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасын қамаудан босата алатынын және оған қатысты сотқа дейінгі істі тоқтататынын айтып сендірген.

Жәбірленушіні көпе-көрнеу жаңылыстырып, алаяқтық жолмен қарыз шарттарын ресімдеген. Сөйтіп Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырған.

Прокурор айыптауды қолдады. Сотталушы кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды, қорғаушылар іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Ауданаралық сот Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2- тармағының санкциясы бойынша 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздеді.

Сот сотталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, өзі жасаған қылмысты тергеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдесуін, кәмелетке толмаған баласының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Абылай Мырзахметовтің кінәсі өз кінәсін мойындауымен, куәлардың айғақтарымен, қарыз шарттарымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен Абылай Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым салынды. Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот ҚК-нің 49-бабының 2-бөлігі негізінде ҚР Президентіне Абылай Мырзахметовті «Құрмет» және 3-дәрежелі «Барыс» ордені мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізді.

А.Мырзахметовтің мүлкіне салынған тыйым сақталды.

 Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Абылай Мырзахметов ісі жабық режимде қаралды. Мемлекеттік айыптаушы өтінішін сол кезде тараптар мақұлдады.