Жаңалықтар

PlayStation 5 танымалдылығының төмендеуіне байланысты Sony-дің күткені болмады

Sony алдағы қаржы жылында PlayStation 5 ойын құрылғысына деген қызығушылық төмендейді деп болжайды / Фото: Unsplash/JESHOOTS.COM

Sony компаниясының биылғы қаржы жылындағы кіріске қатысты болжамы сарапшылардың күткенінен нашар шықты. Компания PlayStation 5 ойын құрылғысын сатудан түсетін кіріс азаяды, өйткені оған деген сұраныс төмендейді деп болжайды. Осы болжам Sony-ді құрылғысын аздап жаңартуға итермелеуі мүмкін деп санайды Bloomberg. Сонымен қатар Sony акция сплиті мен қайта сатып алу туралы жариялап, сонысы бағаға әсер етті: АҚШ-тағы премаркет кезінде бағалы қағаздар қымбаттады.

«Sony 2024 қаржы жылында (2025 жылдың наурызында аяқталады) 12,3 триллион жапон иені (қазіргі бағам бойынша 78,7 миллиард доллар) мөлшерінде кіріс келеді деп болжады. Sony компаниясының есебіне сәйкес, бұл компанияның 2023 қаржы жылында алған мөлшерінен 5%-ға аз. Болжамдағы мөлшер сарапшылар күткеннен төмен болды: олардың сатылымға қатысты консенсустық болжамы 12,55 триллион иен еді» деп хабарлады Bloomberg.

Сонымен қатар Sony келесі жылы операциялық кіріс 5%-ға артып, 1,27 триллион жапон иеніне (8,2 миллиард доллар) жетеді деп болжайды.

«2023 қаржылық жылдың соңында Sony сатылымы 19%-ға, ал операциялық кіріс 7%-ға төмендеді. Таза кіріс 3%-ға төмендеді, ал пайыз, салық, амортизация шығынын бөлек шығарғанға дейінгі пайда (EBITDA) 1%-ға өсті. Соңғы тоқсанда Sony-дің таза пайдасы сарапшылардың болжағанын артық болды. 153,2 миллиард иен болжанған еді, бірақ 189 миллиард иен пайда түсті» деп атап өтті Bloomberg.

Сплит пен байбэк

Sony бағалы қағаздарды қолжетімді ету және осылайша инвесторлар пулын кеңейту үшін акциялар сплитін жасауға ниетті екенін мәлімдеді. 2024 жылғы 30 қыркүйекте аты-жөні тиісті тізімде көрсетілген акционерлерге тиесілі әрбір Sony акциясы бес жаңа акцияға бөлінеді. Олар 2024 жылдың 1 қазанынан бастап биржада айнала бастайды.

Сонымен қатар Sony директорлар кеңесі акцияларды кері сатып алу бағдарламасын бекітті. Компания 30 миллионға дейін өз акциясын кері сатып алуды көздеп отыр, бұл айналымдағы акцияның жалпы санының 2,46%-ын құрайды. Sony осы мақсатта 2024 жылғы 15 мамыр мен 2025 жылғы 14 мамыр аралығында 250 миллиард иен (1,6 миллиард доллар) жұмсауға дайын.

Акцияға қалай әсер етті?

Нью-Йорк қор биржасында таңғы сауда басталғаннан кейін бірден Sony қағаздарының құны 5%-ға секірді, бірақ содан кейін өсу қарқыны баяулады: жариялау кезінде 1,9%-ға артты. Бір күн бұрын сауда-саттық 1%-ға, 76,15 долларға өсіп барып аяқталды.

Есеп жарияланғанға дейін аяқталған Токиодағы саудада Sony акциялары 0,38%-ға қымбаттап, 11 965 иенге (76,5 доллар) жетті. 2024 жылдың басымен салыстырғанда, акциялар қазір шамамен 11%-ға арзан.

Неге болжам дәл шықпады?

«Sony компаниясының пікірінше, биылғы қаржы жылында негізгі пайда көздері музыка шығаратын әрі лицензиялайтын бөлімше мен мобильдік фото-, бейнекамералар үшін сенсор шығару бизнесі болады. Музыкада Sony, мысалы, Майкл Джексон мен рэпер Lil Nas X шығармаларына деген құқыққа ие» деп атап өтті Bloomberg. Осы екі нарық та кеңейіп жатыр. Музыкалық ағындық қызметтердің бірі – Spotify бұған дейін соңғы тоқсанда ақылы жазылушы саны 14%-ға артқанын хабарлаған. Смартфондар нарығы да өсу жолына қайта түсті, оның негізгі себебі Қытайдағы сұраныстың қалпына келуінде жатыр» деп жазады Bloomberg.

«Ал Sony үшін негізгі кіріс көзі – ойын бизнесі екіұшты жағдайда деп біледі агенттік. Game & Network Services бөлімінің кірісі, операциялық пайдасы және түзетілген EBITDA-сы, 2022 қаржы жылымен салыстырғанда, 2023 жылы көбейді. Бірақ 2024 жылы, пайда аздап артса да, Sony бұл бөлімдегі сатылым біршама төмендейді деп болжайды. Шығаруға дайындап жатқан PlayStation 5 құрылғысына арналған ойындардың тізімі сұрақ туғызады» деп жазды Bloomberg. «Sony алдағы жылы God of War немесе Bloodborne сияқты ірі франшиздің ешқандай ойынын шығармайтынын жариялады. Сондай-ақ компания басшылығы 2020 жылы шығарылған құрылғының сатылымы төмендеп жатқанын мойындады. Бұл мерекелік кезең басталатын желтоқсан айына дейін құрылғыны жаңартуға жетелейді» деп атап өтті Bloomberg.

Акцияны не істеу керек?

Сарапшылар Sony акцияларын сатып алуға сенімді түрде кеңес береді: FactSet деректеріне сәйкес, жалпы 23 рейтингінің ішінде оларда 18 Buy және екі Overweight («нарықтан жоғары») бар. Тағы екі сарапшы акцияны ұстап отыруға, ал біреуі сатуға шақырады.