Жаңалықтар

Қытайлық Sozak Oil and Gas компаниясына табиғи қорық аумағында газ өндіруге рұқсат берілмек

Sozak Oil and Gas мемлекеттік қорықта газ өндіргісі келеді / REUTERS/ Turar Kazangapov, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Sozak Oil and Gas компаниясы «Аса», «Кендір», «Орталық», «Оппақ», «Тамғалытар» және «Придорожное Южное» атты мемлекеттік қорықта газ өндіруге рұқсат алуды көздеген. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Энергетика министрлігі қаулысының жобасында айтылған. Құжатты талқылау 28 мамырға дейін жалғасады. 

Кен орындары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорық аймағының аумағында орналасқан. Бұл жерлерде пайдалы қазбаларды заң бойынша «үкіметтің шешімі негізінде ерекше жағдайларда» ғана өндіруге болады. 

Құжатта Sozak Oil and Gas қорық аумағында газ өндіруді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келіскені айтылған. Енді компания үкіметтен рұқсат алуы керек. 

«Созақ учаскесінің барлық алты кен орнын табиғи газ өндірумен пайдалануға беру елдің ішкі нарығының тұтынушылық газға деген қажеттілігін едәуір толықтырады. Жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті халықты жұмыспен қамтуы Қызылорда және Түркістан облыстары экономикасының дамуына жаңа серпін береді», – делінген түсіндірме жазбада. 

eGov.kz мәліметіне сүйенсек, Sozak Oil and Gas құрылтайшылары Нидерландыда тіркелген SINO-SCIENCE NETHERLANDS PETROLEUM (Қытай мен Нидерландының бірлескен кәсіпорны), қазақстандық «Матен Петролеум» , қытайлық Shenzhen Andachang Industrial Co. және Singapore Charter Power, Singapore Starlights Energy Investment компаниялары. 

Кен орындары қоры:

  • «Придорожное Южное»: өндіруге дайын – 7,5 млрд текше метр, өндіру мүмкіндігі бар -7,43 млрд текше метр. 
  • Қалған бес кен орны: өндіруге дайын – 7,3 млрд текше метр, өндіру мүмкіндігі бар – 100 млрд текше метрден астам. 

Қытайлық Geo-Jade Petroleum қазақстандық QazaqGaz компаниясымен бірлесіп «Придорожное» кен орындарында газ өндіретін болады. Оларға газды кешенді дайындау қондырғысы қойылады. Жұмыс 2027 жылдың басында аяқталуы керек.