QazaqGaz бен қытайлық Geo-Jade Petroleum «Придорожное» газ кен орнын бірлесіп игереді  

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

QazaqGaz бен қытайдың Geo-Jade Petroleum компаниясы Қазақстандағы «Придорожное» газ кен орнын бірлесіп игереді. Келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында қол қойылған. Бұл туралы QazaqGaz компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«17 қазан күні «QazaqGaz «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Geo-Jade Petroleum Corporation президенті Дэй Сяопин негізгі қағидаттар туралы келісімге қол қойды. Келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясының қатысуымен «Бір белдеу, бір жол» саммиті аясында бекіді», – делінген хабарламада.

Құжат негізінде екі ел «Придорожное» кен орнын бірлесіп игеріп, газ өндірісін жолға қоймақ. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталуы тиіс.

«QazaqGaz үшін басты міндеттердің бірі – газдың ресурстық базасын ұлғайту. Біз елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту бағытында қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Сондықтан компания ҚР Энергетика министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету үшін газ саласында ауқымды реформаларды іске асыруда  және инвесторларды газ кен орындарын игеруге тартуда», – деді Санжар Жаркешов.

Компания сонымен қатар, PetroChina International компаниясымен газ экспорты бойыншажаңа келісімшартқа қол қойды.

Құжаттың қос компания ынтымақтастығын дамытып, Қазақстан газын Қытайға экспорттау бағытындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Бұған дейін QazaqGaz «Амангелді газ кен орны тобын игеру» және «Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабатының метанын өндіру инвестициялық жобалары қолға алған болатын.

QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов Қазақстанда 100 жылға жететін газ қоры бар деп мәлімдеді.

Компания өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 21 миллиард текше метр газ пайдаланылған,  5 миллиард текше метр газ экспортталған.

Қазір елімізде өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. Сұраныс өсіп жатса да, газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді.

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі.

Негізгі газ қоры Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған және Жаңажол сияқты төрт ірі кен орнында шоғырланған. Ондағы газдың жалпы көлемі – 2,7 триллион текше метр.

Қазақстан 2030 жылға қарай ілеспе газ өндіру көлемін 87,1 млрд текше метрге жеткізбек. Бұл туралы «Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысында жазылған.

QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз