Жаңалықтар

Су тасқыны қаупіне байланысты Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары эвакуацияланды

Фото: ТЖМ

Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлайды. Алдағы күндері өңірде су тасқыны шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар.

Құтқарушылар Махамбет ауданы Талдыкөл ауылынан 129 адамды, оның ішінде 102 баланы қауіпсіз жерге көшірген. Тұрғындар Атыраудағы эвакуациялық орталықтарға жіберілді.

«Осы сағатта Талдыкөл ауылынан 129 тұрғын, оның ішінде 102 бала эвакуацияланды. 138 адам, оның ішінде 62 бала өздігінен эвакуацияланып, туыстарына орналасты. Эвакуация жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта елдімекеннің тұрғын үйлерін су басқан жоқ», – делінген хабарламада.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметі бойынша, Жайық өзеніндегі су шекті деңгейінен асып кеткен:

⁃ Индербор ауылы + 3 см, су деңгейі – 1041 см, шекті деңгейі – 845 см;
⁃ Махамбетауылығ + 14 см, су деңгейі-980 см, шекті деңгейі-850 см;
⁃ Атырау қ. + 6 см, су деңгейі – 551 см, шекті деңгейі – 550 см;
⁃ Жаңаталап ауылы + 7 см, су деңгейі – 399 см, сыни деңгейі – 500 см;
– Еркінқала ауылы + 5 см, су деңгейі-356 см, шекті деңгейі-450 см.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, облыста тасқынмен күрес жағдайы әлі де күрделі болып тұр.

«Атырау облысында тасқынмен күрес жағдайы әлі де күрделі болып тұр. Қазіргі таңда Жайық өзенінің негізгі суы Атырау облысының аумағына кірді. Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы гидропунктерде судың өсу көрсеткіштері байқалуда. Индер ауданы мен Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті межеден асып кетті. Бірақ салынған бөгеттер әзірге елімекендерді су басудан қорғап тұр. Кеше ғана Индер ауданында ескі құбырлар арқылы судың елдімекен ішіне кіруі орын алды. Бірақ дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде судың негізгі бөлігін тоқтататындай мүмкіндік болды. Қазіргі уақытта Индер ауданында бөгеттер қалыпты деңгейде», – деді Жасұлан Бисембиев.

Атырау қаласында жалпы көлемі 250 шақырымнан астам бөгеттер соғылды. Дегенмен қазіргі таңда Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай мөлтек аудандары қауіпті аймақ ретінде қалып отыр. Осыған байланысты, қала көлемінде бөгеттер бойында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Осындай кезекшілік Махамбет, Индер аудандарында да жалғасуда.

Бұған дейін Атырау облысында Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп, аймаққа келген Қызылорда облысының төтенше жағдайлар күші бөгеттерді нығайтып жатқаны хабарланған.