Жоғарғы cот 2024 жылдың күзінде екі заңгерге шабуыл жасаған Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың үкімін өзгертті. Сот осыған дейінгі инстанция бекіткен айыппұл төлеу жазасын екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырды. Бұл туралы жәбірленуші Анна Димитриевич жазды.
«Әділдік орнады! Үкімді өзгертіп, Мәжіліс депутаты Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың екі жылға бас бостандығын шектеген Жоғарғы сотқа рахмет. Оған жазаның барлық кезеңіне пробациялық бақылау міндеті жүктелген. Бұл оған шетелге шығуға, клубтар мен барларға баруға, алкоголь ішуге және басқа да қылмыстар жасауға болмайтынын білдіреді. Ол пробациялық бақылау қызметіне жазылып, күн сайын сағат 23:00 үйде болады», – деп жазды жәбірленуші Instagram парақшасында.
Ол депутаттың ұлы пробациялық бақылауды бұзса, сот шартты мерзімді нақты мерзімге ауыстыратынын айтады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Болаттың жәбірленуші тараптың әрқайсына 1 млн теңгеден төлеуге міндеттелгенін хабарлады.
2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты Нұрасыл Болатты Олег Чернов пен Анна Димитриевич есімді заңгерлердің денсаулығына қасақана орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапқан. Оған 500 АЕК (1,7 млн теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындаған.
Сонымен қатар сот ҚР Қорғаныс министрлігінің басшысы Руслан Жақсылықовтың атына жеке қаулы шығарды. Сот командирлер депутаттың ұлына әскери тәртіпті бұзуға мүмкіндік беріп, ол «еркіндік сезініп», ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдайға теріс әсер етті деп тұжырымдаған.
2024 жылдың сәуірінде Жоғарғы соттың үкімді қайта қарайтыны белгілі болды.
Нұрасыл Болат 2023 жылдың ақпан айында Алматыда әйел адамды ұрған. Әйелге заңгерлер араша түсіп, өздері де жарақат алған. Димитриевичтің айтуынша, оны жағынан ұрып, жұбайының қабырғасы сынған.
Нұрасыл Болатқа қатысты әскери прокурор іс қозғаған. Себебі аталмыш оқиға болған кезде ол жауынгерлік міндетін атқару аймағында болуы керек еді. 2023 жылдың 2 шілдесінде Болаттың әскери бөлімнен қашып кетіп, келесі күні табылғаны белгілі болды.
Айыпталушының әкесі – депутат Дәулет Тұрлыханов, грек-рим балуаны, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Парламентте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, алты баланың әкесі.