Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ішкі сауда көлемі сәуір айында (бір жылмен салыстырғанда) 0,6%-ға төмендеп, 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың қыркүйегінен бері ең төмен көрсеткіш.
Саланың жалпы көлеміндегі елеулі үлес көтерме саудаға тиесілі. Оның үлесі 68,3%-ды құрайды. Ал бөлшек сауданың үлесі 31,3%.
Көтерме сауда көлемі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 11786,4 млрд теңгені немесе 2023 жылғы тиісті кезең деңгейіне 101% құрады. Көтерме тауар айналымының құрылымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басым (79,2%).
Өңірлер бойынша
Республиканың көтерме саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес 2024 жылғы қаңтар-сәуірде Алматы қаласына (39,3%), Атырау облысына (16,9%), Астана қаласына (15,2%), Қарағанды облысына (5,7%) тиесілі.
Бөлшек сауда статистикасы
2024 жылғы қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі 5407,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы тиісті кезең деңгейінен 5,2%-ға артық. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізуі 8,6%-ға ұлғайды. Ал жеке кәсіпкерлердің, оның ішінде базарларда сауда жасаушылардың, 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 4,5%- ға азайды.
Жыл басынан бері жеке меншік нысанындағы кәсіпорындардың тауарларды бөлшек саудада өткізуінен 4848,6 млрд теңге (бөлшек сауданың жалпы көлемінің 89,7%), шетелдік меншік нысанынан 559,2 млрд теңге (10,3%) түсті.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бөлшек саудадағы кәсіпорындардың тауар қорларының көлемі 1554,2 млрд теңгені құрады.
Бөлшек саудада азық-түлік емес тауарлардың үлесі басым
Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі – 29,1%, азық-түлік емес тауарлардың үлесі – 70,9% құрайды. Азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 7% – ға ұлғайды, азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі 4,6% – ға ұлғайды.
2024 жылғы қаңтар-сәуірдегі республиканың бөлшек саудасының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлесі Алматы қаласына (31,6%), Астана қаласына (12,4%), Қарағанды (7,9%) және Шығыс Қазақстан (6%) облыстарына тиесілі.
Айта кететіні, бүгінде елімізде тауарлар электронды платформалар арқылы да сатылуда. Бұл ретте елдегі бөлшек саудаға негізделген электрондық сауда нарығының 50%-дан астам үлесін «Kaspi» мен «Wildberries» алып отыр.