Жаңалықтар

2023 жылы туризм бойынша бюджетке 450 млрд теңге салық түскен: салаға тартылған инвестицияның жартысы ғана ақталған

туризм саласы
Қазақстанда туризм саласына 787 млрд теңге инвестиция тартылған / Фото: kursiv.media

2023 жылы туризм саласына құйылған инвестицияның жартысына жуығы салық есебінен ақталған. Бұл жайлы Үкімет сағатында ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Министр мәліметінше, 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 787 млрд теңгені құраған. Туризм саласынан бюджетке түсетін салықтық түсімдер 450 млрд теңге болған. Яғни жартысына жуық қаражат қана ақталып отыр.

Десе де, бұл көрсеткіштер алдыңғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, 2022 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 513 млрд теңгені құраған. Яғни 2023 жылғы сома алдыңғы жылмен салыстырғанда 274 млрд теңгеге артық. Осылайша өткен жылы инвестиция көлемі 53 %-ға өскен.

Ал бұл саладан бюджетке түскен түсім көлемі 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 64 млрд теңгеге артқан. 2023 жылы салық түсімдері 450 млрд теңге болса, 2022 жылы 386 млрд теңгені құраған.

2023 жылы туризм саласында оң көрсеткіштерге қол жеткізілгенін айтқан Ермек Маржықпаев осы жылдың да нәтижелі басталып жатқанын атап өтті.

«Жоғарыда аталған динамика сала дамуының оң үрдістерін айғақтайды. Біз 2023 жылы негізгі капиталға инвестициялар бойынша жоғарғы көрсеткішке жеттік. Сонымен қатар осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы оң динамиканы көрсетіп, үш есеге артып, 177 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы – 62,6 млрд теңге болған»,– деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге министр елге келетін шетелдік туристер санының артқанын жеткізді. Айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, саланың негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жетіп отыр.

«Соңғы жылы елге 9,2 млн шетелдік азамат келді, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 2022 жылы Қазақстанға – 4,7 млн адам келген болатын. Ал ел ішінде 9,6 миллионнан астам отандық азаматтар саяхат жасады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға артық», – дейді министр.

Сәйкесінше, орналастыру орындары 229 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсеткен. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп екен. Ол жылы қонақүйлер 182,9 млрд теңгеге қызмет көрсеткен.

Еске сала кетсек, 2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысы бойынша ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетіп рекорд орнатылғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн-ға көп.