Жаңалықтар

Сотталғандар онлайн-несие рәсімдеп, құмар ойындарға қатысқан. Алматы облысында түзету мекемелерінің қызметкерлері жазаланды

Сотталғандар кредит рәсімдеп, құмар ойындарға қатысқан / kursiv.media

Алматы облысында сотталғандар ұялы телефон арқылы онлайн-несие рәсімдеген. Букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино арқылы құмар ойынға қатысқан. Заңсыз қаражат айналымы 3 млрд теңгеден асып кеткен. Алматы облысының прокуратурасы тексеру нәтижесінде түзеу мекемелерінде елеулі бұзушылықтарды анықтады.

Прокуратура кейбір заңбұзушылыққа жол берген мекемелерді атады. Мәселен, №10 мекемеде жазасын өтеп жатқандар мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан. Аталған дерек бойынша, прокуратура Қылмыстық Кодекстің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің үш қызметкері жазаланды.

«Бұдан басқа, облыс прокуратурасы ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, №57 мекеме бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ​Нақты  деректер қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен бұзушылықтардың жалғасып жатқандығын айғақтайды. Тергеу жалғасуда және қазіргі уақытта ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды», – деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасы.

Онлайн-казиноға тосқауыл қою өте өзекті мәселеге айналды. Қазақстанда құмар ойындарға қатысу мен бәс тігуді 25 жастан кейін рұқсат ету мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін жеті мыңнан астам қазақстандық eGov Mobile арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге өз-өзіне шектеу қойды.