Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев әйелінің Бурабайда қонақүй бизнестері барын мойындады. Ол мемлекеттік қызметке дейін де бизнеспен айналысқанын мәлімдеді.
Үкіметте өткен баспасөз жиынында министр туған-туыстарының бизнесі жайлы журналистердің сұрағына жауап берді.
«Бұған дейін де бұл жайында айтқан едім. Иә, отбасымыз бизнеспен айналысады, бірақ оның Туризм және спорт министрлігіне еш қатысы жоқ. Мемлекеттік қызметке келген 2008 жылға дейін бизнеспен айналысқанбыз. Ол кәсіпорынға биыл 30 жыл болады»,- деді Ермек Маржықпаев.
Маржықпаев бұл тұрғыда «мүдделер қақтығысы» болмайды деп сендірді.
«Министр жұмысы мен Бурабайда орналасқан шағын қонақүйлер арасында қандай мүдделер қайшылығы болуы мүмкін? Мұны қалай елестетесіз?! Бұл сұрақ жиі қойылады, бірақ мен Туризм министрлігі мен сол нысандарды байланыстырудың механизмін түсінбеймін. Ешқандай да мүдделер қақтығысы жоқ», – деді Туризм министрі.
Айта кетейік, Ермек Маржықпаев 1994-2008 жылдары — «Береке-Бурабай» қонақүйлер желісінің директоры болған. Бүгінде бұл бизнес оның жұбайына тиесілі.
Еске салсақ,Үкіметте өткен жиында Ермек Маржықпаев елімізде туристік аймақтарының тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілетінін де айтқан еді.