Жаңалықтар

Boeing компаниясының жеткізу көлемі сәуір айында күрт төмендеді

Boeing жыл соңына дейін ұшақ өндірісін ұлғайтуға уәде берді / Фото: Reuters

Сәуірде жаңа Boeing ұшақтарының жеткізілімі жыл басынан бері ең төменгі деңгейге түсті. Жеткізілім 2023 жылғы сәуірмен салыстырғанда да төмен. Оған 737 Max 9 ұшағына қатысты туындаған бірқатар келеңсіздік себеп болған. Алайда Boeing жыл аяғына қарай ұшақ өндірісін ұлғайтуға уәде берді. Компанияның осы жоспары инвесторларды құлшындырып, Нью-Йорктегі аукционда ұшақ өндірушінің акциялары қымбаттады.

Толығырақ

Boeing 2024 жылдың сәуірінде тұтынушыларға 24 ұшақ жеткізді. Ал 2023 жылдың наурызында 29, сәуірінде 26 ұшақ жеткізген болатын. Сондықтан биылғы сәуір компанияның ең көрсеткіші төмен айы болды, деп жазды Reuters компания деректеріне сілтеме жасап. 737 MAX жеткізілімі де жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге түсті. Сәуір айында тұтынушыларға 16 ұшақ жеткізді. Ал Boeing-тің басты бәсекелесі Airbus сәуір айында 61 ұшақ жеткізді. Яғни былтырғысынан 13% артық.

30 сәуірдегі жағдай бойынша, Boeing-тің берілген тапсырыс бойынша жасап үлгере алмаған ұшағының саны 5 646-ға дейін қысқарды. Оның ішінде 737 MAX үлгісі 4 340-ге қысқарған. «Сонымен бірге компания жыл соңына дейін өндірісті ұлғайтуға уәде берді», – деп жазады The Wall Street Journal.

Бұл неге маңызды?

«Ұшақ жеткізілімі – ұшақ өндірушінің инвесторлар жіті бақылап отыратын маңызды көрсеткіші. Өйткені олар жасалған ұшақ құнының көп бөлігін жеткізу кезінде алады», – деп жазады Reuters. Ал Boeing-тің жеткізілімі бірінші тоқсанда да төмен болған: 83 ұшақ. Былтырғыдан 36% аз, ал алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда шамамен екі есе аз. Осы кезеңде Airbus 142 ұшақ жеткізген.

«Біз асықпаймыз, тым тез қимылдамаймыз, – деді Boeing бас қаржы директоры Брайан Уэст өткен айда Bank of America конференциясында. – Шын мәнінде, біз бәрін дұрыс істеу үшін өндірісті әдейі бәсеңдетпекпіз. Дайын екенімізді сезінгенге дейін 737 бағдарламасы бойынша айына 38 данадан аз өндіру туралы шешім қабылдаған – өзіміз».

Бәсеңдетудің себебі

Өндіріс қаңтарда болған Alaska Airlines рейсіндегі апаттан кейін қысқарды. Ол кезде ұшып бара жатқан Boeing ұшағының люгі ашылып кетіп, шұғыл қонуға мәжбүр болған. Сол оқиғадан кейін Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқарма Boeing 737 Max өндірісін тексеріске алып, сапаны бақылау процедурасын қайта қарамайынша өндірісті жылдамдатуға тыйым салды.

Акцияның жайы

Сейсенбі күнгі саудада Boeing бағалы қағаздары қымбаттап, 183,66 долларға дейін барған кезі болды, бұл алдыңғы күні жабылған сәттегіден 3%-ға дерлік жоғары. Жыл басынан бері ұшақ өндірушісінің акциясы 30,7%-ға арзандады. Ал Airbus акциясы 13,5%-ға қымбаттады.

MarketWatch мәліметі бойынша, компания акцияларын 30 сарапшы бақылайды және олардың біреуі ғана акцияға сату рейтингісін берді. 18-і акция сатып алуға кеңес береді – 15 сатып алу және үш Overweight рейтингісі («нарықтан жоғары»). Он сарапшы ұстап отыруға шақырса, біреуі Underweight («нарықтан төмен») рейтингісін берді. Сарапшылардың консенсустық болжамы – бір акция бағасы 216,09 доллар, бұл дүйсенбідегі сауда жабылған кездегі бағадан 21%-ға жоғары.