Алматыда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні болған Гүлмира Сатыбалдыға қатысты алдын ала сот отырысы басталды. Сотта Сатыбалдының адвокаттары процесті жабық режимде өткізіп, журналистерді кіргізбеуді сұрады.
Сот процесі басталғанда істі қарап жатқан Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Мартпек Кәкімжанов айыпталушы Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан істі алқа билердің қатысуымен өткізу туралы сұрады. Екеуі де істі алқа билерсіз, соттың қарауына қалдыруды өтінді.
«Процестің онлайн өтуі туралы өтініш бергіміз келеді. Гүлмира Сатыбалды Астанада тергеу изоляторында, оның қоғамдық қорғаушысы, яғни қызы Шымкентте, ал біз, адвокаттары Алматыда. Сондықтан процестің онлайн режимде өткені барлығымызға тиімді болар еді», – деді Сатыбалдының қорғаушысы Әсемгүл Даниалова.
Бұған қоса, ол сот процесін жабық режимде өткізіп, іске журналистерді қатыстырмауды, процесс біткенге дейін Сатыбалдының бейнежазбасын, фотосын таратуға тыйым салуды сұрады. Сондай-ақ істің толыққанды зерттелмегенін, Сатыбалдының айыбы дәлелденбегенін айтып, істі тоқтатуды сұрады. Процестегі екінші күдікті Мәди Батыршаевтың адвокаттары да осындай өтініш түсірді. Бұған қоса, Батыршаевтың анасын қоғамдық қорғаушы ретінде тіркеуді сұрады.
Прокурор және жәбірленуші тарап Батыршаевтың анасын қоғамдық қорғаушы ретінде тіркеуге қарсылық білдірмеді. Ал өзге өтініштерді қабылдамауды, сотты ашық әрі оффлайн режимде, журналистердің қатысуымен өткізуді сұрады. Сот тараптардың өтініштерін қабылдап, кеңесу бөлмесіне кетті. 16 мамырда осы өтініштерге байланыс шешімдерді жариялап, негізгі сот процесін өту талқыланатын айтты.
Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша күдікке ілінген.
Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) бойынша күдікке ілінген.
Гүлмира Сатыбалдының осыған дейінгі істері
Гүлмира Сатыбалды — Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Байқоңыр ауданының соты Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс бойынша сотталушылардың бірі Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Үшеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев Гүлмира Сатыбалдыны мүлкін тәркілеусіз, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Осы істе жәбірленуші Айгүл Мекешева 713 млн теңге материалдық шығын талап етсе, Тұрсенғали Алагөзовке 6,5 млрд теңге шығын келген.
Сонымен қатар 2023 жылдың маусым айында Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны тағы 8 жылға бостандығынан айырды. Бұл іс те бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша қаралған. 7 адамнан тұратын топ ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, 441 млн теңге жымқырған. Шығын көлемі мемлекетке толық өтелді.
2022 жылғы наурызда Гүлмира Сатыбалдыға 747 млн теңге жымқырды деген айып тағылған болатын.