Жаңалықтар

«Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма»: депутат қырғыз-қазақ шекарасында салынатын кешенге қатысты мәселе көтерді

Депутат Тимур Құлыбаевтың тендерге қатысуына наразы / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында сауда-логистикалық кешен құрылады. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Қарасу «Ақ-тілек» автожол өткізу пунктері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын талқылады.

Заң жобасын Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев таныстырды.

«Қырғыз Республикасының Президенті С. Жапаровтың Қазақстанға сапары, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің 6-шы отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге, оның ішінде екі елдің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты. 2023 жылғы 9 маусымда Астана қаласында кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пунктері жанында орналасады», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Кешен өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұрады. Кешенде сүт, ет, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерді өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасалады.

«Сондай-ақ кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқан», – деп жалғастырды спикер.

Спикер сөзінше, 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялаған. 19 сәуір күні конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты инвестор іріктелмеген.

«Биыл мамыр айында қайта конкурс жарияланатын болады. Келісімді ратификациялау өңір экономикасының дамуына, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлы әсер етеді және тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қайрат Төребаев.

Заңды талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек жобаның инвесторына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Мәжілісменнің айтуынша, жобаның артында миллиардер Тимур Құлыбаевтың компаниясы тұр.

«Қайрат Қалмұқаметұлы, бұл мәселе комитетімізде шу шығарды. Менің сұрағымды жақсы білесіз. Бұл жобаның артында Тимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы тұр. Мұны мен комитеттің жиналысында айтқанмын. Бастапқы жоба бойынша 36 га жер «Жоин Техноложи» компаниясына рәсімделген, ал «Жоин Техноложи» құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС. Шу шыққан соң сіздер өзгерттіңіздер. Мен оған қуанып отырмын. Бірақ қазіргі алған құжат бойынша өзгерткен дүние былай болып тұр: қазір 36 гектар жер «Қордай Даму» ЖШС атына рәсімделген. «Қордай Даму» ЖШС құрылтайшысы – «Трейдинг Холдинг» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Меркури Проперити» ЖШС. Оның құрылтайшысы – «Кипрс» ЖШС, ал «Кипрс» құрылтайшысы – Асқар Алтай Тимурович. Сіз басында «Басқаша болады. Өзгертеміз, басқа адамдар, инвесторлар келеді» деп айттыңыз. Бірақ бұрынғы инвестор сол қалпында қалған. Менің айтқаным бос әңгіме емес. Деректер eGov-тан алынды. Келісім бойынша Тимур Құлыбаев бұл жобаға ақша құйса, ертең жобаға басқа инвестор келуі мүмкін бе? Тимур Құлыбаевтан басқа инвестор бар ма?», – деп сұрады депутат.

Вице-министр депутат көтеріп отырған мәселені шешуге болатынын жеткізді.

«Бақытжан Жұмабекұлы, алдын ала жұмыс бірнеше компаниямен атқарылды. Сіз айтып кеткен компания осы жобанының негізі мәселелерін талқылауға, даярлауға көмек көрсетті. Енді сіз конкурстық комиссияда отырсыз. Осы инвесторды таңдау жөнінде сіз айтқан мәселені сол конкурстық комиссияда негізгі мәселелерді реттеуге болады. Егер күмәніңіз болса, конкурстық комиссияда осы мәселені көтеруіңізге әбден болады», деді Қайрат Төребаев.

Депутат Бақытжан Базарбек конкурстық комиссия шешіміне қатысты  тағы сауал жолдады.

«Демек мен конкурстық комиссияның мүшесі ретінде «ертең Тимур Құлыбаевтың «Кипрс» компаниясы инвестор болмасын, басқа компания инвестор болсын десем, конкурстық комиссиясы сондай шешім шығара ма«, деп сұрағын нақтылады депутат.

Вице-министр конкурс комиссиясында Сауда және инвестиция министрлігі жоқ екенін айтты.

«Конкурстық комиссияда Сауда министрлігі жоқ. Онда ашық конкурс арқылы Мәслихаттың және Мәжілістің депутаттары бар. Сіздің сөзіңіз жерде қалмайды. Конкурстың басқа мүшелерімен таңдалады деп пайымдаймын», – деп жауап берді министр орынбасары.