Berkshire былтырдан бері жасырын сатып алған акциялары қай компанияныкі екенін жария етті

Жарияланды
Уоррен Баффет иелік ететін Berkshire Hathaway компаниясы Chubb сақтандыру компаниясының акцияларын 7 миллиард долларға жасырын сатып алды / Фото: Reuters / Scott Morgan

Уоррен Баффет мырзаның Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы Chubb сақтандыру компаниясына үлкен инвестиция салғаны туралы хабарлады. Berkshire былтыр-ақ Chubb акцияларын сатып алуға шындап кірісе бастаған, бірақ онысын осы кезге дейін жасырып келген. Berkshire үлесі арта береді деген үміт Chubb бағаларын жоғарылатты.

Толығырақ

«Berkshire 2023 жылдың екінші жартысында Chubb акциялары бойынша жасырын түрде позиция құра бастады, – деп жазады The Wall Street Journal. – Мәлім етілген есепке сәйкес, биылғы наурыздың соңында Berkshire жалпы құны 6,7 миллиард долларлық 25,9 миллионнан астам Chubb акциясын иеленді. Dow Jones Market Data мәліметі бойынша, бұл – Chubb акцияларының 6,4%-ы».

Ірі инвесторлар тоқсан сайын ұзақ мерзімді инвестициялары мен кей опциондары туралы ақпарат беріп тұруға міндетті. Ал Berkshire өткен жылдың үшінші және төртінші тоқсанында бір немесе бірнеше активі туралы ақпаратты құпия ұстауға рұқсат алған деп атап өтті MarketWatch. Сол себепті Berkshire осы кезге дейін Chubb-қа салған инвестициясы туралы тіс жармаған.

Акцияның жайы

Жаңа ірі инвестор туралы жаңалық шыға сала Chubb акциялары постмаркетте 8%-ға, бір акция бағасы 274 долларға дейін көтерілді. Бұған дейінгі негізгі сессия 252,97 доллар деңгейінде аяқталған еді, баға күні бойы бір өзгермеді. Жыл басынан бері Chubb акциялары 12%-ға қымбаттап, 11%-ға артқан S&P500 индексінен сәл озып кетті.

«FactSet мәліметі бойынша, акциялар арзан көрінеді: осы аптаның басында олар алдағы 12 ай ішіндегі болжамды пайда мөлшерінен 11,3 есе, ал S&P 500-ден 20,6 есе және қаржы секторынан 15,3 есе қымбатқа саудаланды» делінген WSJ мақаласында.

Сарапшылар не дейді?

Сақтандыруға инвестиция салу – Berkshire компаниясының басты бизнесі деп атап өтті WSJ. Geico автокөлік сақтандырушысы және басқа да бірқатар сақтандыру компаниясы Баффет компанияларының иелігінде. Chubb – мүлікті жазатайым оқиғадан сақтандырумен айналысатын әлемдегі ең ірі қоғамдық компанияның бірі. Акционерлерге жазған соңғы хатында «Омаха абызы» былай деген: «мүлікті жазатайым оқиғадан сақтандыру (property-casualty insurance, P/C) – Berkshire-дің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі».
Бейсенбіде сауда ашылғаннан кейін Chubb акциялары өрге секіруі мүмкін, өйткені «инвесторлар бұл жаңалыққа елең етіп, Berkshire Chubb-тағы үлесін сақтап қалуы да, компанияны толық сатып алуы да мүмкін деп ойлайды» деген CFRA талдаушысы Кэти Зайферттің клиенттеріне арналған жазбасын келтіреді MarketWatch. Оның айтуынша, Chubb-тағы үлесі – Berkshire үшін қаржы секторының ең тиімді кіші топтарының біріне төмен бағамен қол жеткізудің жолы. «Berkshire Chubb-ті толық жұтып алуға ұмтыла ма, жоқ па, оны болжай алмаймыз, бірақ бизнесінің құрылымы жағынан екеуі бір-бірін толықтырады», – деді Зайферт. 

Сондай-ақ оқыңыз