Дәл қазіргі уақытта еліміз үшін көлік-логистика потенциалы мәселесі өте өзекті болып тұр. Қазақстан өзін ірі мемлекеттерге серіктес ретінде де, логистикалық арна ретінде де ұсынғысы келеді. Әзірге екі бағыттағы бастамалары оңтайлы атқарылып келе жатыр. Соңғы бірнеше ай көлемінде Транскаспий әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар оңынан шешілді. Ақтаудағы порттарды тиімді пайдалану мәселесі шешімін таба бастады. Қытайдың Сиань қаласынан Әзербайжанның Баку қаласына тауар тасымалдау мәселесінің де кілті табылды. Бұл ретте Қазақстан транзиттік торап ретінде үлкен стратегиялық алаң рөлін атқарады.
PTC Holding басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан бірнеше терминал салып, сала тамырына қан жүгіртті, соған қарамастан логистикалық актив жетіспеушілігі әлі сезіледі.
«Кейде біз жылжымалы құрам, құрылғылар тапшылығын байқап қаламыз. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта елдің ірі өңірлерінде қойма қуаттылығы бойынша алапат тапшылыққа тап болып отырмыз. Біз тіпті орта деңгейге де жете алмадық. Қазір біздің жаһандық қауіп-қатерлерге ұшырап отырғанымыз жасырын емес. Геосаясат пен экономика үрдістері бірқатар елде өзгерді. Бұрын ондаған жыл бойы жұмыс істеп келген маршруттар қазір жұмыс істеуін тоқтатты немесе үлкен қиындықпен жұмыс істеп тұр. Әлемдік экономикадағы кооперацияның жаһандық үрдісінің де төмендегенін байқаймыз. Әлемнің достас және достас емес елдерге бөлінуі логистикаға өте қатты әсер етті»,– дейді ол.
«РЖД Бизнес Актив» АҚ бас директоры Вячеслав Сараевтың айтуынша, қазір контейнерлендіру және контейнерлік тасымал сегменті жоғары қарқынмен өсіп келе жатыр. Ал біздегі және Ресейдегі бұл бағыттың даму көрсеткіші айтарлықтай күшті емес.
«ТГ FESCO» операциялық директоры Алексей Радченконың сөзінше, ТМД елдерінде контейнерлік тасымалды дамытуда үлкен әлеует бар. Өйткені бұл елдердің өндірістік құрылымы негізінен шикізаттық емес өнімдерге бейімделген. Яғни өнімдердің басым бөлігі контейнер арқылы тасымалдауға қолайлы. Сонымен қатар бұған ТМД елдерінің 2025 жылға дейін орнықты экономикалық өсімі де әсер етеді.
Отандық «Исткомтранс» ЖШС коммерция және даму бойынша директоры Виктор Ивановтың сөзінше, биыл елдегі барлық бағыттағы контейнер тасымалы 2,3 млн жиырма футтық эквивалентті (ЖФЭ) құрайды. Алдағы екі жыл бедерінде агроөнеркәсіптік кешеніндегі экспорттық өнімдердің контейнерлік тасымалына (бірінші кезекте Оңтүстік-Шығыс Азия және Қытайға) 150 мың ЖФЭ қосылмақ.
Көлік министрлігінің Транспорттық саясат және инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Зейнолла Ахметжановтың айтуынша, былтыр Қазақстан территориясы арқылы жалпы көлемі 32,3 млн тонна болатын транзиттік теміржол тасымалы жүзеге асырылған.
«Оның 5 миллионы – автомобиль транспорты арқылы жүзеге асырылды. Бұл – өте маңызды әрі рекордтық көрсеткіш. 27,3 миллионы теміржол арқылы тасымалданды. Транзит өте жақсы нәтижелер көрсетті және біз бұл жерде өсім мен перспектива көріп отырмыз. Жалпы, Қазақстан арқылы 13 халықаралық транзиттік дәліз өтеді, оның бесеуі – теміржол, 8-і – автомобиль жолы. Инфрақұрылымның жасалуы транзиттік теміржол тасымалының әрі қарайғы өсіміне серпін береді»,– дейді.
Логистиканың дамуына не кедергі?
Тимур Қарабаевтың айтуынша, елдегі логистиканың дамуын тежеп тұрған негізгі үш факторды айрықша атап өтуге болады.
«Оның біріншісі – жүктерді контейнермен тасымалдаудың универсалды вагонмен тасымалдауға қарағанда екі есе қымбат болуы. Бұл ішкі нарықтың дамуын әжептәуір тежейді. Егер экспорттық және импорттық бағыттар туралы айтар болсақ, ол бойынша даму жақсы жүріп жатыр. Бірақ ішкі контейнерлеу нөлге тең, өйткені клиент бағаға байланысты бұл қызметтен бас тартады. Нәтижесінде біздің компаниямыз түрлі проблемаларға тап болып отыр. Мәселен, екі өңір арасында біз жүктерді контейнермен де, әмбебап паркпен де тасымалдауға мәжбүрміз. Екінші проблема жүк вагондарын жөндеу және сатып алу кезінде туындайды. Бұл мәселені мемлекет, ұлттық оператор және профилді қауымдастықтар деңгейінде көтеру керек»,– дейді сарапшы.
Қарабаевтың айтуынша, үшінші барьер – қоймалардың жетіспеушілігі.
«Әсіресе, Астана және Алматы қалаларында А, А+ және В (орналасқан жерін қоса алғанда техникалық сипаттамаларымен айырықшаланады) класындағы қуаттылық көрсеткішіне сай келетін қоймалардың үлкен тапшылығы байқалады. Қазір сондай-ақ салқындатылған камералардың да жетіспеушілігі бар. Сол себепті, қазіргі кездегі қоймадағы сақтау мәселесінің белгілі бір даму бағытын айқындайтын жалпы саясат қажет деп ойлаймын»,– дейді Тимур Қарабаев.
«СК-Фармация» басшысы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, елде тоңазытқыш қондырғыларының, оның ішінде фармацевтикалық өнімдердің шамадан тыс жүктемесі бар.
«Сірә, бұл ірі операторлардың релокациясымен байланысты сияқты. Соның ішінде мемлекет екі брендті жергілікті компанияға айналдырып жатыр, олар – Roche және Pfizer. Таяуда AstraZeneca Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін оқшаулау бойынша жаңартылған жол картасына қол қойды. Бұл салада перспектива бар деп ойлаймын», – дейді сарапшы.
Мамандардың айтуынша, алдағы екі-үш жыл көлемінде Алматы маңайындағы «Жетіген» көлік-логистика орталығында 135 мың шаршы метр көлемді құрайтын қойма кешенін салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 2025 жылға қарай Алматыдағы көлік торабының жүктемесін жеңілдету үшін Қазыбек-Бек станциясынан Жетігенге дейін ұзындығы 75 шақырым болатын жаңа теміржол құрылысы аяқталмақ. Мұның бәрі өңірдегі логистикалық түйіндердің тарқатылуына жол ашып береді. Аймақтағы жүктеменің ауқымды екені де белгілі. Қазіргі кезде Алматы қаласы және Алматы облысы елдің ірі транспорттық-логистикалық хабы саналады. Мұнда елдегі қойма кешендерінің 60 %-дан астамы шоғырланған.
Атқарылып жатқан жұмыстар
KAZLOGISTICS транспортшылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Юрий Лавриненконың айтуынша, қазір елдегі теміржол және автомобиль маршруты қарқынды дамып жатыр, тиісінше оларды жетілдіре түсу қажеттілігі бар.
«Түркіменстан Каспий жағасында Темір-баба өткелімен байланысатын автомобиль жолын салғысы келеді екен. Бұл маршрут Қазақстаннң Иранмен транспорттық байланысын дамытуға мүмкіндік береді. Транспорттық қызмет нарығындағы бәсеке осы саладағы жұмысты жақсарта түсуге ынталандырады. Геосаяси ахуалмен байланысты үрдістер бағыттардың түбегейлі өзгеруіне алып келді. Бұрын Ресейден Еуропаға бағытталған тауар ағынының бағыты қазір өзгеріп, Қазақстан арқылы өте бастады. Бұл ҚТЖ үшін айтарлықтай қиындық туғызып жатыр. Біз өзімізден Ресей мен Беларуське бағытталатын тауар ағынының тек 10-15 пайызын қабылдаймыз. Бұл ақшадан айырылу ғана емес, бұл біздің серіктестеріміздің көңіл толмаушылығын да туғызады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар да, ҚТЖ да экспорттаушылар мен импорттаушылардың тасымалдау қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін түрлі шешімдер қабылдауға мәжбүр»,– дейді.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік бағытына да тиісті деңгейде назар аудара алды және осы бағытты дамыту үшін Құрық портын тұрғызып, теміржол салды.
«Алдын ала шешім қабылдаудың арқасында Қазақстанда қазір Орта дәліз бойынша транспорттық мүмкіндікті арттыру әлеуеті бар. Мойынтыда жаңа магистральдың салынуы және Өзбекстан нарығына шығу тасымал бойынша мүмкіндігімізді арттырады, бірақ бұл үшін нақты жоспар және 1,4 трлн теңге сомасына 74 міндетті шешуге тура келеді», – деді.
«Қытай және Азия зерттеу орталығының» жетекшісі Светлана Кожированың айтуынша, Қазақстан мұнайға деген тәуелділікті төмендетіп, транспорттық, телекоммуникациялық және инвестициялық орталық атануға тырысып жатыр.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автобанының көлік артерияларына мультимодальды мүмкіндіктер мен көлік-логистикалық орталықтар кіреді, олардың ішінде қазақстан-қытай шекарасындағы екі теміржол өткелі бар: «Достық-Алашанькоу» және «Алтынкөл-Қорғас», жиынтығында 40 миллион тоннаға дейін жүк өңдеуге қабілетті. Жалпы, Қытай мен Қазақстан арасында жүк тасымалының өсу үрдісі байқалады, оның көлемі 2022 жылы рекордтық 23 миллион тоннаға жетті, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Соңғы он жылда Қытайдан Еуропаға және кері қарай 35 мыңнан астам контейнерлік пойыз кетті, оның жартысынан көбі Достық-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткелдерінен өтті. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың және Орталық Азия елдерінің тауарды бірыңғай тарату жүйесінің әрі қарай кеңею перспективасымен тірек пункті болатын трансшекаралық сауда-экономикалық хабтар желісі құрылуда»,– дейді маман.
Сауда және интеграция министрлігі транспорттық саясат департаментінің басшысы Сапар Бектасовтың айтуынша, 2030 жылға дейінгі транспорттық-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасында Транскаспий дәлізіне ерекше назар аударылып отыр.
«Былтыр «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол әкімшіліктері бірлесе құрған кәсіпорын тіркелді. Бұл осы маршрут бойынша тасымал көлемін ұлғайтуға, қызметтерді ресімдеу процесін жеделдетуге көмектеседі. Сонымен қатар 2022 жылдың қарашасынан бері Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол құрылысы бойынша ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл теміржол пайдалануға берілгеннен кейін өткізу қабілеті 5 есе – 12-ден 60 жұп пойызға дейін артады. Ал Транскаспий дәлізі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысында 2030 жылы 20 млн тонналық межеге (соның ішінде 500 мың ЖФЭ-ге) жетеміз деп отыр. Каспий теңізі – Транскаспий мен Солтүстік-Оңтүстіктің түйісу нүктесі. Қазіргі уақытта дәліздің өткізу қабілеті 9 млн тоннаны құрайды. Дәлізді дамыту аясында Ресей, Түркіменстан, Ира және Үндістан тарапымен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс маршрутын дамыту бойынша жол картасы дайындалып жатыр. 2027 жылға таман Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша тасымал көлемін 15 млн тоннаға жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар Дарбаза-Мақтарал және Бақты-Аягөз жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде»,– дейді Сапар Бектасов.
Логистикалық-транспорттық бағыт саласын дамыту
Жалпы мемлекет 2029 жылға дейін халықаралық маршруттар құрамына кіретін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолын жөндеуден өткізуді жоспарлайды. Халықаралық және ішкі жүк ағындарын тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін халықаралық дәліздерді модернизациялау да – басым бағыт.
Жалпы алғанда, Қазақстанның көлік-логистика бағытын дамыту, түрлендіру бойынша алдына қойып отырған міндеттері өте ауқымды. Президент айтқандай, жалпы ішкі өнім құрылымындағы транспорттық-логистикалық үлесті 9 %-дан кем емес деңгейге жеткізу – оңай міндет емес.
Бұл үшін салада тиімді басқару моделін пайдалану аса маңызды болмақ. Сәйкесінше, ауқымды міндеттердің барлығын Қазақстан жалғыз атқара алмайды. Бұл ретте көршілес және серіктес елдердің септесуі де ерекше қажет. Халықаралық көлік дәліздерін дамытуға олар да мүдделі. Бұлар – ең бірінші кезекте Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай және Еуропа елдері.
Дәл қазір транспорттық саладағы басым бағыттар:
- Теміржол саласында – Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтарал бағыттарын дамыта түсу;
- Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту – бұл орайда Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тізе қосып жобаларды жүзеге асыру;
- «Бақты» өткелінде жаңа құрғақ порт салып, Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысын жеделдету;
- Парсы шығанағына жол ашатын Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің әлеуетін арттыру;
- Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайларын жүктемді аккумуляциялау және бөлістіру бойынша сапалы қызметтерді ұсынатын және бәсекеге қабілетті бола алатын мультимодальды орталықтарға айналдыру;
- Адекватты тарифтік және қадағалаушылық саясат қалыптастыру;
- Жеке инвестицияны белсенді түрде тарту;
- ҚТЖ-ны транспорттық-логистикалық компанияға айналдыру процесін тезірек аяқтау;
- Елдегі автомобиль жолдары проблемасын шешу.