Жаңалықтар

Кеңес Рақышевтың Fincraft Resources компаниясы 2023 жылы 678 млн теңге шығынға батқан

Fincraft Resources 2023 жылы шығынға батқан. Фото: kursiv.media, бильд-редактор – Ахтам Зиперов

Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Resources компаниясы 2023 жылы 678 млм теңге шығынға батқан. Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында компанияның шығыны былтыр 1,5 еседей өскені жазылған.

Компанияның 2023 жылғы қаржы есебіне сәйкес, 2022 жылы 424,8 миллион шығын шексе, былтырғы көрсеткіш 678 млн теңгеге жеткен.

Меншікті капиталы бір жыл ішінде 12,3 млрд теңгеден 15,5 млрд теңге болған. Ал жиынтық актив көлемі 19,5 млрд теңгеден 22,3 млрд теңгеге дейін өсіпті.

Компания міндеттемелері былтыр 0,5 млрд теңгеге қысқарған. 2022 жылы міндеттемелері 7,2 млрд теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,7 млрд теңгені құраған.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында топ «Казникель» ЖШС-нің үлесін (74%) BMT Nico-ға сатуды аяқтамақ. АХҚО-да 2023 жылдың мамырында тіркелген аталмыш компания да Resources-тың иелігінде. «Казникель» ЖШС-ні сату туралы шешім де 2023 жылдың шілде айында шығарылған.

Сонымен қатар Fincraft Resources былтыр «ИндерГипстің» 100 пайыз акциясын сатқан. Оған себеп – Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы гипс кен орнының тиімділігі төмен. Еншілес компанияның 2022 жылғы шығыны 583 млн теңгеге жеткен.

Fincraft Group бұған дейін акционерлерге дивиденд төлемейтінін хабарлаған.

Жақында компаниясы Маңғыстау облысындағы Тастөбе кен орнын игеру құқығына ие «Nomad west oil» ЖШС-нің 50 пайыз үлесін сатып алған.

Fincraft Resources акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа тиесілі. Компанияның түпкілікті бенефициары – кәсіпкер Кеңес Рақышев. Кеңес Рақышев осы компаниясы арқылы BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) компанияларына иелік етеді.