Сәуір айында KASE-дегі жиынтық сауда-саттық көлемі 32,9 трлн теңгені құрап, наурызбен салыстырғанда 26,4%-ға немесе 6,9 трлн теңгеге өскен. Ал KASE индексі мәні 1,3 %-ға төмендеп, 5 011,59 тармақты құрады. Қазақстан қор биржасы өткен айда өандай акцилар сұранысқа ие болғанын айтты.
Бұл айда индекстік акциялармен жасаған мәмілелер көлемі 11,9 млрд теңгені құраған. Наурыз айындағы көрсеткіштен 603,5 млн теңгеге жоғары. Сауда-саттықтың басым бөлігі «Эйр Астана» АҚ қарапайым акцияларына тиесілі болды – 2,0 млрд теңге. Индекс құрамындағы акциялармен жасалған жалпы сауданың 16,9%-ын құрады.
Жақында әуе компаниясы Қазақстанның биржаларында сатылған акцияларын кері сатып алған.
Сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарапайым акциялары ең үлкен өсім байқатқан. Бір айда компания акциялары 7,4 %-ға өскен. Екінші орында «Банк ЦентрКредит» АҚ қарапайым акциялары тұр. Олар өз бағасына 4,2 % қосты. Көшбасшылар үштігін 2,5 % өсіммен «Қазақстан Халық банкі» АҚ қарапайым акциялары жабады.
Банк өткен айда «Қазкоммерцбанктен» «мұраға қалған» мемлекеттік қолдаудың 250 млрд теңгесін мерзімінен бұрын толық қайтарды. Бұдан бөлек, банк «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-ның 100 % акциясын сатты. Halyk Bank-тің еншілес компаниясын Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионер сатып алғаны белгілі.
Есесіне өткен айда телекоммуникация секторы қызыл аймаққа өткен. «Қазақтелеком» АҚ қарапайым акциялары 0,8 %, ал «Kcell» АҚ қарапайым акциялары – 4,4 % жоғалтты. Kaspi.kz акциялары 7,8 %-ға төмендеді. 2024 жылдың 8 сәуірінде акционерлердің жылдық жалпы жиналысы 2023 жылға бір қарапайым акцияға 850 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдаған.
Эмитент | Сауда-саттық коды | Бағасы, бір акция үшін теңге | Сауда-саттық көлемі *, млн теңге | ||||
01.05.24 | 01.04.24 | Δ, % | сәуір | наурыз | Δ | ||
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ | KMGZ | 12 999,00 | 12 105,00 | +7,4 | 1 527,1 | 605,0 | +922,0 |
«Банк ЦентрКредит» АҚ | CCBN | 1 571,00 | 1 506,97 | +4,2 | 805,2 | 1 923,1 | -1 117,9 |
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ | HSBK | 218,29 | 212,94 | +2,5 | 1 940,8 | 2 162,8 | -222,0 |
«ҚазТрансОйл» АҚ | KZTO | 834,00 | 830,00 | +0,5 | 317,8 | 349,8 | -32,0 |
«KEGOC» АҚ | KEGC | 1 492,00 | 1 485,00 | +0,5 | 966,9 | 664,5 | +302,4 |
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ | KZAP | 18 300,00 | 18 301,11 | -0,01 | 871,6 | 737,5 | +134,0 |
«Қазақтелеком» АҚ | KZTK | 35 200,00 | 35 500,00 | -0,8 | 1 109,8 | 143,6 | +966,2 |
«Kcell» АҚ | KCEL | 3 026,59 | 3 166,00 | -4,4 | 1 275,2 | 625,7 | +649,5 |
Kaspi.kz АҚ | KSPI | 52 999,99 | 57 500,00 | -7,8 | 1 100,9 | 1 057,3 | +43,7 |
«Эйр Астана» АҚ | AIRA | 955,51 | 1 062,00 | -10,0 | 2 015,2 | 3 057,7 | -1 042,5 |
Сәуірде акциялар нарығын капиталдандыру 1,1 %-ға 30,5 трлн теңгеге дейін азайса, саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 0,8 % қосып, 13,6 трлн теңгеге дейін жетті. Бұл айда екі жаңа эмитенттің корпоративтік облигациялары және KASE Global секторында бір жаңа эмитентінің акциялары листингтен өтті. Қазіргі кезде KASE сауда-саттық тізімдерінде 250 эмитенттің 679 атауындағы мемлекеттік емес бағалы қағаздар бар.
Акциялар нарығындағы жағдай қандай?
2024 жылдың сәуірінің қорытындысы бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 30,5 трлн теңгені (69,0 млрд USD) құраған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 346,2 млн теңгеге немесе 1,1 %-ға төмен.
Сәуір айында акциялармен сауда-саттық көлемі 21,5 млрд теңгені құрап, наурызбен салыстырғанда 61,5 %-ға немесе 8,2 млрд теңгеге ұлғайды. Акциялардың сауда-саттығы тек қайталама нарықта өткен. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 976,5 млн теңгені, мәмілелердің орташа күндік саны – 5 866 мәміле, бір мәміленің орташа көлемі – 166,5 мың теңгені құрады.
Инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде жеке тұлғалардың үлесіне акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 63,0 %, банктердің үлесіне – 2,0 %, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 19,5 %, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 2,4 %, басқа заңды тұлғалардың үлесіне – 13,0 % тиесілі болды. Бейрезиденттердің үлесі 5,9 %-ды құрады.