Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі ірі бизнестің көмегімен шешілуі мүмкін екенін айтады. Сол кезде заңда қарастырылған ең төменгі өтемақы мен Құлсары тұрғындары сұрап отырған сома айырмасын қысқартуға болады.
«Атырау облысындағы жағдай әлі күрделі. Қазір ол жақта облыстың бірінші басшылары жүр. Бүкіл сұрақтар келісіліп жатыр. Қазір комиссия 3 мыңға жуық үйді тексеріп шыққан. Комиссия шешімі бар. Бұл жерде бір бітімге келіп, нақты шешім шығады деген ойдамыз», – деді сенатор.
Сенатор заң негізінде қарастырылған бүкіл қаржы толық төленетіне сенімді. Оның пікірінше, Үкімет ұсынып отырған ең төменгі өтемақы мен Құлсары тұрғындары сұрап отырған сома мәселесі ірі бизнестің көмегімен шешілуі мүмкін. Оған қоса, депутат Құлсары тұрғындары өтемақыны нарықтағы ең жоғары бағамен талап етіп отыр деп тұжырымдайды.
Құлсарылықтар су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.
Бұған дейін Атырау облысындағы ТЖ бойынша жедел штаб Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 2700 үй тексеріліп, 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижесін алғанын хабарлаған.
Келген шығын көлемі белгілі болған соң, Жылыой ауданының әкімдігі екі бағытта қаражат төлемек. Бірінші жолы – егер үйлер жөндеуге жарамды болса, тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат, сондай-ақ, зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленеді. Үйлер апатты деп танылған жағдайда мемлекет есебінен жаңа үй салынады. Екінші жолы – Құлсары қаласында немесе Атырау облысының аумағындағы кез келген елдімекенде тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленбек.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жанғазиев әкімдік бірден 400 мың теңге бере алмайтынын айтады.
«Бұл жұмыстың бәрі бағалау нәтижесінде жүргізіледі. Техникалық қызметкерлер келіп үйдің жай-күйін бағалайды, бәрін есептейді. Осы бағалау нәтижесін негізге ала отырып төлемақы төленеді. Ал үйі қатты зардап шегіп, апатты деп танылғандардың үйін әкімдік нарықтық бағада сатып алуға дайын. Бірақ ақша аударылмайды. Тұрғындар облыс аумағынан үй таңдап, Жылой ауданының әкімдігі оны сатып алады», – дейді әкімдік өкілі.