Сәуір айында елде жылдық инфляция баяулап, 8,7%-ды құрады (наурызда – 9,1%). Ұлттық банк дерегінше, 15 өңірде жылдық инфляция бәсеңдеді. Ал 4 облыста қарқын алып, 1 өңірде өзгеріссіз қалды.
Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында тіркелді.
Сәуірде азық-түлік тауарларының бағасы 6,3% өсті (наурызда – 6,9%). Осы топқа жататын тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (9,9%) қарқынды, ал Ақтөбе облысында (4,4%) мейілінше баяу өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 7,6%-ға дейін бәсеңдеді (наурызда – 8,2%). Ең жоғарғы көрсеткіш Маңғыстау облысында (13,5%), ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында (5,2%) тіркелді.
Сәуірде ақылы қызмет бағасы 13,5%-ға дейін жеделдеді (наурызда – 13,2%). Сонымен қатар, Ақтөбе облысында (17,5%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Ұлытау облысында (8,3%) айтарлықтай төмен өсті.
Сәуірде ел бойынша айлық инфляция 0,6%-ға өсті. Бұл тарихи орташа мәнге сәйкес келеді (2017-2021 жылдардағы сәуірде – 0,6%).
Бұған дейін наурызда жылдық инфляция 14 өңірде бәсеңдеді, 5 облыста қарқын алып, 1 өңірде өзгеріссіз қалды. Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында тіркелді. Наурызда азық-түлік тауарларының бағасы 6,9%-ға дейін баяулады (ақпанда – 7,4%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (10,5%) барынша қарқынды, ал Алматы облысында (4,3%) мейілінше баяу өсті.