«Самұрық-Қазына» қоры «Өскемен ГЭС АЭС» ЖШС-ні «Самұрық-Энерго» еншілес компаниясына беру туралы мәмілені аяқтады. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған құжатында жазылған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 14 мамырдан бастап «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС жарғылық капиталына 100% қатысу үлесін иеленуді тоқтатты», – деп хабарлады биржа.
2021-2022 жылдары бұл су электр станцияларын жеке инвесторға сату жоспарланған. Ал 2023 жылы Үкімет бұл жоспардан бас тартты.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компаниясы «Самұрық-Қазына» қорының басымдықпен сатып алу құқығымен жалпы сомасы 59,7 млрд теңгеге 635 500 қарапайым акцияны орналастырды. Оның 375 500-і (данасы 96 470 теңгеден) – 36,2 млрд теңге, 260 000-ы (данасы 90 406 теңгеден) – 23,5 млрд теңгеге бағаланды.
12 сәуірде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның директорлар кеңесі компания акцияларын орналастыру туралы шешім қабылдаған. Бірінші пакетті сатудан түскен қаражатқа «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «Шүлбі СЭС» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлады. Оның нарықтық құны 36 224 485 000 теңге.
Ал екінші пакеттен түсетін 23,5 млрд теңгеге «Өскемен ГЭС АЭС» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу көзделген еді.
«Самұрық-Қазына» қоры – «Самұрық-Энергоның» жалғыз акционері. «Самұрық-Энерго» құрылымына 23 компания кіреді. Компанияның негізгі активтері Павлодар, Түркістан, Алматы облысында және Алматы қаласында орналасқан. «Самұрық-Энерго» тобына «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары», «Екібастұз ГРЭС-1» және ГРЭС-2 (акцияларының 50%), Балқаш ЖЭО, «Алматы Энергосбыт» және т.б. кіреді.
Аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, компаниялар тобы 2023 жылы 43,7 млрд теңге таза пайда тапқан