Жаңалықтар

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер 350 мыңнан асады. Үкіметі олармен қалай күреспек?

лудоманияға қатысты
Қазақстанда құмар ойындарға қарсы күрес жоспары дайындалуда / Фото: kursiv.media  

Қазақстанда құмар ойындарды тұрақты ойнайтындар мен бәс тігетіндердің саны 350 мың адамды құрайды. Ел  билігі 2026 жылға қарай олардың санын екі есеге дейін қысқартпақшы. Осы орайда құмар ойындарға тәуелділер мемлекет есебінен тегін емделіп, медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтылатын болады. Бұл мақсатта бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Туризм және спорт министрлігі Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен людоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын дайындады. Жоба «Ашық НҚА» порталында 2024 жылдың 30 мамырына дейін орналастырылған.

Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс қимыл жөніндегі кешенді жоспар төрт бағыт бойынша 44 іс шараны көздейді:

  • Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігудің себептері мен ауқымы туралы республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізу;
  • лудоманиямен ауыратын азаматтарға консультациялық көмек көрсету бойынша интерактивті сайтты (онлайн-чат, сенім телефоны) іске қосу;
  • жарнама туралы, байланыс туралы заңнамаға букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың (SMS, қоңыраулар және т. б. арқылы) жарнамасын жіберуге тыйым салуды енгізу бөлігінде өзгерістер енгізу;
  • құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды медициналық оңалту жөніндегі қызметті лицензиялауды ұйымдастыру.

Бұл іс-шараларға республикалық бюджеттен 2024 жылдан 2026 жылға дейін 80,9 млн теңге бөлінеді. Бұл ақша Қазақстандағы лудомандар санын екі есе азайтуға мүмкіндік береді.

 ҚР Туризм министрлігінің Кешенді жоспарында тағы не айтылды?

  •   Құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санының 350 000-нан 201 600 адамға дейін төмендеуі: 2024 жылы – 35 000 (10%), 2025 жылы – 63 000 (20%), 2026 жылы – 50 400 (20 %);
  • бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін ұлғайту: 2024 жыл – 450-ге (10 %), 2025 жыл – 990-ға (20 %), 2026 жыл – 1782-ге (30 %).
  • мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту алған құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды қамтуды 13 – тен 300 адамға дейін ұлғайту: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы-300 адам;

Жыл басынан бері Қазақстанда жарнама және казино қызметіне қатысты 5 мыңнан астам сайттар мен сілтемелер бұғатталды. Сондай-ақ, 2021 жылдан бері ел билігі 36 ойын мекемесінің, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе мен алты тотализаторды лицензиядан айырды.

«Қазіргі уақытта ойын бизнесімен айналысуға 28 лицензия бар, оның ішінде алтауы казино, тоғыз ойын автоматтары залы, 12 букмекерлік кеңсе және бір букмекерлік дүкен», – делінген құжатта.

Еске салсақ, Қазақстанда құмар ойындарға қатысу және бәс тігу жасын 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру туралы ұсыныс жасалды.

Сондай-ақ, Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады.

Ал, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек лудоманияға қатысты заң жобасының артында біреулердің мүддесі тұрғанын мәлімдеді. Заңды пайдаланып бәзбіреулердің жемқорлық тәуекелдері жоғары, дәл «Оператор» ӨКМ (РОП) секілді мекеме құруды көздеп отыру мүмкін екені айтылды. Базарбек кезінде бұл орталықтың артында Қайрат Сатыбалдының мүддесі тұрғанын айтты. Егер заңдағы бұл нормалар қабылданса, жекеменшік компанияның құзыреттілігі кеңейіп, жемқорлық тәуекелдері артатынын айтады.