Жаңалықтар

Tele2 мен Altel-ді сатып алатын қатарлық инвестор 5G тендерін өткізуді үш жылға шегере тұруды сұрайды

қатарлық инвестор
Фото: Shutterstock

Tele2 мен Altel байланыс операторларын сатып алатын қатарлық инвестор 5G-ге қатысты тендерді өткізді үш жылға шегере тұруды сұрайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Марат Омаров нарықтық бәсекеге сай емес деп санайды. Бұл туралы LS агенттігі хабарлайды.

Брифинг барысында агенттік басшысы аукцион өткізбеу – түпкілікті бәсекелестік тұрғысынан дұрыс емес екенін айтты.

«Тіпті әлеуетті инвесторлар келсе де, радиожиілік спектрі мен ресурстары жоқ нарыққа жаңа ойыншылардың келуі – бизнесті дамыту емес. Қазір аукцион болмайды деп айту дұрыс емес. Мұндай бастаманы құптамаймыз», – деді ол.

Агенттік басшысы радиожиілік спектрінің шектеулі екенін айтып өтті. Сондықтан алдымен спектр мәселесін шешіп алу керек.

«Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ін (Tele 2 және Altel брендтері) сататыны жыл басында белгілі болды.

«Қазақтелеком» акционерлері Tele 2 мен Altel қатарлық холдинг – Power International Holding (PIH) компаниясына сату туралы түпкілікті шешімді 4 мамырда шығарды.

Қазіргі уақытта – «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком Сервис» жалғыз акционері. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51%-ы тиесілі.

2022 жылдың есебіне сәйкес, «Қазақтелекомның» таза табысындағы «Мобайл телеком сервис» үлесі 2022 жылы 50%, 2021 жылы 51%-ды құрады. Соңғы 12 айда «Қазақтелекомның» шоғырландырылған таза пайдасы 129 млрд теңгеге жетті.

Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобаны іске асырған.

Сарапшылар компанияны сатудан түскен пайда 916–1 122 млрд теңгені құрауы мүмкін деп пайымдайды.