Қазақстанға арзанырақ көліктер көптеп әкеліне бастады. Жыл басынан бастап Қазақстанға көлік ипорты артты. Бірақ бұл автолардың бағасы былтырғыдан анағұрлым төмен болды, деп хабарлайды Бірінші кредиттік бюро.
Бұған статистика дәлел. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға импортталған өнімдердің жалпы құны бір жыл бұрынғыдан 21%-ға төмен болды. Алайда импорттық автокөліктер саны 14%-ға өсіп, 31,3 мың бірлікке жетті.
Бұл елге арзан көліктер көптеп жеткізіле бастағанын білдіреді. Мысалы, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында бір автокөлікке шаққандағы орташа сома 17,1 мың долларды құрады. Былтырғы осы кезеңде көрсеткіш 24,7 мың долларды құраған.
«Мұндай айырмашылық жылдық көрсеткіште де байқалатынын атап өтейік. 2023 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда бір көліктің орташа құны өзгермеген деуге болады. Шын мәнінде, 2022 жылдың IV тоқсанында соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке, яғни 31,9 мың долларға жеткеннен кейін, өткен жыл бойы көрсеткіш тоқсан сайын біртіндеп төмендей берді», – деп жазылған Бюро талдауында.
Айта кететіні, шетелден келетін тауар көлемі 12,7 млрд долларға бағаланады. ҚР СЖРА ҰСБ деректері бойынша көрсеткіш өткен жылғы деңгейден бірден 11%-ға төмендеген.
Бұл ретте Қазақстанда қолданыстағы көлік саудасы жылдан-жылға төмендеп барады. Жүрілген көліктер сатылымы былтыр қандай деңгейде болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша да сол деңгейде тұралап қалған. Автокөлік саласының мамандары жүрілген автокөліктер нарығында 2024 жылы сатылымнан гөрі айырбас көп болатынына сенімді.
Қазақстанның қайталама автонарығындағы тоқырау үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Өткен жылы жаңа көліктердің сатылымы рекордтық деңгейге жеткен болса, жүрілген көліктер нарығында тек 0,6% ғана өзгеріс болған. Қазақстан автокөлік бизнесі қауымдастығы (ҚАБҚ) мен Қазақстан автокөлік одағы (ҚАО) мәліметі бойынша 2022 жылы 912 055 көлік сатылса, 2023 жылы бар болғаны 917 849 көлік қана сатылған.