Жаңалықтар

Ресейдегі дрондардың шабуылы Каспий құбыр консорциумының жұмысына әсер еткен жоқ – ҚР Энергетика министрлігі

Каспии құбыр консорциумы нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр / Архив: kursiv.media

Қазақстанның Энергетика министрлігі Новороссийскіге дрондар шабуылынан кейін, Каспий құбыр консорциумы нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

«Новороссийск қаласындағы КҚК нысандары Новороссийск теңіз портынан бөлек орналасқанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта КҚК-ның барлық нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады министрлік.

Еске сала кетсек, 16 мамырдан 17 мамырға қараған түні Новороссийск қаласын дрондар шабуылдады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Новороссийск қаласының үстінде 10 ұшқышсыз ұшақты атып түсірді. Бірақ зардап шеккендер жоқ.

КҚК құбыры Батыс Қазақстанның мұнай кен орындары мен Каспий қайраңындағы ресейлік мұнай кен орындарын Новороссийсктегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы – 1511 шақырым. Жүйе қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты. Құбыр арқылы қазақстандық «қара алтынның» 80%-дан астамы тасымалданады.

2023 жылы КҚК 63,47 млн ​​тонна мұнай (+8,1%) тасымалдап экспорттады. 2024 жылға арналған жоспар 70 млн тоннадан асты.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы 2025 жылы үш жылжымалы айлақтық құрылғысынан мұнайды бір уақытта тиеуге дайындалып жатқанан хабарлады.

Желі мұнай тиеуді 9 сәуірде уақытша тоқтатқан еді. Теңіз терминалындағы 72 сағаттық жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Кейін Новороссийскіге қайтадан мұнай жөнелте бастады.

Транснефть және Ресей Федерациясынан басқа КҚК акционерлері: Қазақстан (ҚазМұнайГаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.