Жаңалықтар

17 трлн теңгеге тең мемлекеттік бағалы қағаз айналымда жүр

Шығын табысымыздан көп / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаттары «2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы» туралы Жоғары аудиторлық палата есебін тыңдады. Жиында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтен елдегі қорларда жиналған қаржы көлемі туралы сұрады.

Сұраққа жауап берген вице-министр 1 қаңтардағы жағдай бойынша айналымда 17 трлн теңге сомасында мемлекеттік бағалы қағаздар барын айтты.

«Ұзақ мерзімді 13,5 трлн теңге, орта мерзімді 2 трлн теңге. Сондай-ақ Бірыңғай зейнетақы қорына 0,9 трлн теңге, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының көрсеткіштері 5%, мемлекеттік қор – 5%. Екінші деңгейлі банктерде 21%-ды құрайды», – деген вице-министр оның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталды.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-ға ақша салу -бұл жақсы құралдардың бірі.

«Бұл БЖЗҚ үшін тиімді,  екінші жағынан ел экономикасы үшін жұмыс істейді деп санаймыз», – деді спикер.

Сонымен қатар ол шығындарға тоқталды.

«Шығындар бойынша… Шығындар біздің табысымыздан көп, мен пандемиядан кейінгі кезеңнен кейін шығындарды ұлғайту қажеттігі туындағанын атап өттім. Ендіге жерде өз шамамызға қарай өмір сүруіміз керек. Осы арқылы шығындарды азайту керек, әсіресе Ұлттық қордан қаржы тартуды азайту маңызды», – деді спикер.

Еске сала кетсек, Қаржы министрлігі 2024 жылы үкіметтің ішкі және сыртқы борышына қызмет көрсетуге 2,02 трлн теңге жұмсауды жоспарлаған.

2023 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге 1,8 трлн теңге жұмсалған. 2024 жылға жоспарланған қаржы 2,02 трлн теңгені құрайды. Ал 2025-2026 жылдары осы мақсатта 2,74 және 2,75 трлн теңге жұмсалмақ. 2027 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсету үшін 2,89 трлн теңге қарастылған.