Жаңалықтар

Қазақстан Еуразиялық даму банкінің акцияларын сатып алуға 30 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсауы мүмкін

Қазақстан Еуразиялық даму банкінің үлесін сатып алуға әр жыл сайын 7,5 млрд теңге қаражат жұмсауды жоспарлаған / Фото: kursiv.media

Қазақстан Еуразиялық даму банкінің төленген жарғылық капиталындағы үлесін сатып алуға жоспарланғаннан да көбірек қаражат жұмсауы мүмкін. «Ашық бюджеттер» мемлекеттік порталындағы бюджеттік бағдарламада оның сомасы шамамен 30 млрд теңге көлемінде көрсетілген.

Атап айтқанда, Үкімет Ресейден Еуразиялық даму банкінің акцияларын алдағы 4 жылда сатып алуды жоспарлап отыр. Ондағы мәліметтерге сәйкес, мемлекет 2024 жылы 16 287 бірлік акциясын 7 492 365 000 теңгеге сатып алады. Сатып алынатын акциялар әр жылға теңдей бөлінген. Яғни жоспарға сәйкес, мемлекет әр жыл сайын акциялардың 25 пайызын сатып алмақ.

Сонда акцияларға жұмсалатын бүкіл қаражат 29 969 460 000 теңгені құрайды. Яғни Қазақстан Ресейден ЕАДБ үлесін сатып алуға шамамен 30 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсауды көздеп отыр.

Бір қызығы, осыдан 1 жыл бұрын бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның ЕАДБ-ғы үлесін сатып алуға 20 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалатынын мәлімдеген. Ал бір жылдан кейін бұл сома 10 млрд теңгеге артып отыр.

«Шамамен жұмсалатын сома 20 млрд теңгені құрайды. Біз республикалық бюджетке салмақ түсірмеу үшін қаражатты 5 млрд теңгеден төлейтіндей етіп, 3-4 жылға бөліп тастадық», – деген сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Жамаубаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың шілдесінде Үкімет үйі Қазақстанның Еуразиялық даму банкіндегі үлесі артқанын хабарлады. Қатысушы мемлекеттер жарғылық капиталды қайта бөлу туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде Ресей акциялар пакетінің бір бөлігі мүше мемлекеттер арасында біркелкі бөлінген. Осылайша жарғылық капиталдағы Ресей үлесі 66%-дан 44,8%-ға төмендесе, Қазақстанның үлесі 33%-дан 37,3%-ға өскен.