Үкімет Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін арттырмақ

Опубликовано (обновлено )
Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін арттыратын жобаны мемкомиссия зерделейді / kursiv.media

Үкімет Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатылығын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Жобаның алдын ала техникалық-экономика негіздемесі экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында талқыланады.

«Шымкент МӨЗ қуаттылығын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру» жобасы – Қазақстан бойынша 15 ірі жобаның қатарында.

Қазіргі уақытта Шымкент мұнай өңдеу зауты технологиялық схемасының конфигурациясы және мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде салықтық және кедендік преференциялар бойынша алдын ала ТЭН-і жасақталуда.

ТЭН нәтижелері экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына енгізіледі.

Осылайша, Энергетика, Ұлттық экономика, Экология және табиғи ресурстар, Сыртқы істер, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция, Қаржы министрліктерінің және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ведомствоаралық жұмыс тобы инвесторларды тарту үшін үкіметаралық келісім жобасын аяқтайды.

 «Жобаны іске асыру бойынша инвестордың бірлескен шешімі 2024 жылдың қыркүйегіне дейін алдын ала ТЭН жасау қорытындысынан кейін күтіледі», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

«Шымкент мұнай өңдеу зауыты» – 1985 жылы Шымкент қаласында салынған және республикадағы ең жаңа зауыт. Зауыт Қазақстандағы 3 МӨЗ өндіретін мұнай өнімдерінің 30%-ын шығарады. «ҚазМұнайГаз» мен CNPC Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы 50 пайыздық үлеске ие.

Наурыз айында Шымкент МӨЗ-інде («ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС) жөндеу жұмысы өтті. «ҚазМұнайГаз» компаниясы кәсіпорынның технологиялық қондырғыларын одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жоспарлы жұмыс екенін хабарлады.

Биыл Қазақстанда Атырау мен Павлодардағы мұнай зауыттары жекешелендірілетіні туралы ақпарат тарады. Бірақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев мұны жоққа шығарды.

Читайте также