Жаңалықтар

Президент су тасқынынан зардап шеккендерді сапалы баспанамен қатамасыз етуді тапсырды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуді, қалалар мен елдімекендердегі инфрақұрылымды жөндеу және құрылыс жұмыстарына кірісуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Президентке су тасқыны салдарын жою және табиғат апатынан зардап шеккен түрғындарға көмек көрсету жұмыстарын баяндаған. Әсіресе, эвакуациялық пунктердегі азаматтардың жайы басты назарда.

Президент жергілікті атқарушы органдардың басшылары халықпен етене әрі тиімді жұмыс істеуге міндетті екенін еске салды. Сондай-ақ туындаған мәселелерді шешу және жұртшылықтың орынды талап-тілегін орындау жөніндегі мемлекеттік саясат пен қабылданып жатқан шараларды нақты түсіндіруге тиіс.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Үкімет, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек екенін атап өтті.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар мемлекет қолдауынсыз қалмайтынын айтқан болатын. Ол бүлінген мүлікке берілтін өтемақы көлемін әкімдіктер бағалайтынын айтқан.

Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов наразылық білдірген Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесіп, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірген. Әкімінің айтуынша, су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыларды нысаналы мақсаты – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсай алады. Құлсары қаласы бойынша зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына нарықтық бағамен шамамен 200-240 мың теңге көлемінде қаржы түседі.