Жаңалықтар

Қазақ тіліндегі заң мәтінінің сапасы, тағы басқа мәселелер көрсетілген консультативтік құжат жарияланды

Қазақстан Республикасындағы нормашығармашылықты жетілдіру жөніндегі консультативтік құжат жарияланды / Фото: shutterstock

«Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасындағы нормашығармашылықты жетілдіру жөніндегі консультативтік құжат жарияланды.

Осының негізінде әкімдіктерге заң жобалары бойынша енді қоғамдық тыңдаулар өткізуді міндеттеу қарастырылуда. Себебі заң жобаларын нормативтік құқықтық актілер порталында жариялау тиімсіз деп есептелініп отыр.

Құжатты ұсынған орган әкімдіктерді заң жобаларын дайындауға тарту жақсы нәтиже беретініне сенімді:

  • – осы жұмыстың тұрақтылығын және жұртшылықтың заңнамалық бастамаларды талқылауға қызығушылығын арттырады;
  • – биліктің орталық және өңірлік деңгейлері арасындағы кері байланысты, сондай-ақ барлық деңгейлердегі іс-қимылдарды үйлестіруді және мәселелерді келісілген шешуді қамтамасыз етеді.

 «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның қабылдануымен НҚА жобалары мен заң жобаларының тұжырымдамасы «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылаулардан өтуде (legalacts.egov.kz,). Алайда белсенді азаматтардың нормативтік құқықтық актілердің (заң жобаларының тұжырымдамасы/реттеуші саясаттың консультациялық құжаттары) жобаларын не басқа да стратегиялық құжаттарды талқылауға қатысуы байқалмайды», – делінген құжатта.

2023 жылы порталды пайдаланушылар саны 963 000 адамға жетті. Онда 18 100 жоба орналастырылды. Бірақ бар болғаны 61 848 ұыныс-пікір, сын-ескертпе (түсініктеме) жарияланды. Осыдан халықтың негізігі бөлігі әлі күнге заңдарға өзгерту мен түзету енгізуге ықпал ететініне сенбейтіні байқалады. Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі де төмен.

Заң жобаларын әзірлеушілер «жергілікті жерлерде» нақты жағдайды, халыққа не қажет екенін білмейді немесе өңірлердің ерекшеліктерін ескермейді. Жұртшылықты нормашығармашылық процесіне тарту үшін қолданыстағы алаңдардың тиімділігі жеткіліксіз. Бұл бағытта сараптамалық және қоғамдық кеңестер институттарын әлі де дамыта түсу қажет.

Консультативтік құжатта заңдардың жиі өзгертілетіні көрсетілген

Салалық кодекстардың жиі өзгеріске ұшырауы да өзекті мәселеге айналды. Мәселен, 2020-2022 жылдар аралығында Салық кодексіне – 21 рет, Кәсіпкерлік кодекске – 44 рет, Азаматтық кодекске – 28 рет, Жер кодексіне – 28 рет, Еңбек кодексіне – 21 рет, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына – 15 рет, 2023 жылы Кәсіпкерлік кодексіне 17 рет өзгеріс енгізілді. Сол себепті кодекстере жиі түзетулер енгізуге шектеу қою маңызды.

Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен болуы заң мәтіндерін сауатты дайындауға кедергі болып отыр. Сондықтан мекемелер үшін НҚА жобасын орыс тілінде жазып алып, содан кейін оны қазақ тіліне аудару оңайырақ.

Заң жобалары мәтіндерінің Мәжілісінің қарауына енгізілгенге дейін олардың түпнұсқалылығы ғылыми лингвистикалық сараптамадан өтеді. Алайда мына кедергілер сараптаманың нәтижесіне кері әсерін тигізіп отыр:

1) лингвистикалық сараптама жүргізілгеннен кейін заң жобалары Парламентте өзгерістерге ұшырайды және осы кезеңде толыққанды лингвоэкспертиза жүргізілмейді. Тиісінше, мәтіндердің толық түпнұсқалығында проблемалар туындауы мүмкін;

2) лингвистикалық сараптама Үкіметтің қаулылары, ведомстволардың бұйрықтары және т.б. заңға тәуелді НҚА бойынша жүргізілмейді.

Іс жүзінде нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде дайындалуы тиіс. Бірақ түпнұсқадан қазақшаға аударылған соң, актілер мазмұнын түсіну қиындайды.

Заң мәтіндеріндегі күрделі сөйлемдер де қарапайым азаматтардың жоба мәнін түсінуін ауырлатады. Соңғы үш жылды алып қарасақ, порталда бір жобаға үш-ақ түсініктеме қалдырылған.