Жаңалықтар

Шариғат жолымен неке қиюға қарсы петиция жарияланды

шариғат жолымен неке
Петиция авторы шариғат жолымен неке қию дәстүріне заңмен шектеу енгізуді ұсынған / shutterstock

Шариғат жолымен неке қиюға қарсы петиция жарияланды. Оның авторы – «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайынов. Ол шариғи жолмен неке қиюға заңдық негізде тыйым салуды ұсынған.

«Мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) имамдарының «шариғи неке қиюына» тосқауыл қойып, «шариғи неке қиған адамды заң бойынша жазалау үшін биліктен арнайы құқықтық құжат қабылдауды талап ететін петицияға қол жинауға баршаңызды шақырамын»,– делінген петицияда.

Ол «шариғи неке қиюды» Қазақстанның «Неке және отбасы туралы» Кодексіне қайшы екенін, кодексте «тек мемлекеттік органдар қиған неке заңды болып танылатыны, яғни діни рәсімдік неке қию заңсыз екенін» алға тартқан.

Құсайынов сонымен бірге ҚМДБ Жарғысында «шариғи неке қию» деген сөздің жоқтығын айтып, имамдардың неке қию құзыретінің заңсыз екенін атап өткен. Айтуынша, көп әйел алу тәжірибесіне осы діни дәстүр себеп болып отыр.

«Жарғыда «ҚМДБ Қазақстан Республикасындағы отбасылық қатынастарды реттейтін заңнамаларға бағынады және еліміздегі отбасылық құндылықтарды мойындайды» деп көрсетілген. Соған қарамастан, ҚМДБ имамдары азаматтардың шариғи некесін қиюмен заңсыз шұғылдануда. Соның кесірінен, «шариғи неке» әйел үстіне әйел алуды үдетіп, отбасылық құндылықтарды аяқасты етті, әйелдер мен балалардың құқығы әркез тапталуда»,– дейді автор.

Автордың пайымдауынша, шариғи некедегілер тез ажырасады. Осы орайда ол қоғамда резонанс тудырған Бишімбаев ісін де тілге тиек еткен.

«Қ.Бишімбаев пен марқұм С.Нүкенованың «шариғи некесін» екі мәрте қиған имам Қанат Қыдырмин басқаратын Астанадағы Республикалық бас мешітте 2023 жылдың соңғы 4 айында 5 мың «діни неке» қиылған. Бұл бір мешіттегі қиылған «шариғи некенің» саны ғана. Ал республика бойынша қаншама заңсыз «діни неке» рәсімі жасалғаны бір Құдайға аян. Имам Қыдырмин қиған «шариғи некенің» салдары ауыр қайғы-қасіретке ұшыратса да, бас мүфти Наурызбай Утпинов Қыдырминге қатаң жаза қолданбады»,– дейді ол.

Ол сонымен бірге шариғат бойынша қиылған некеде ер азаматтардың жауапкершілігі аз болатынын, ажырасқан жағдайда әйелдері балаларымен жалғыз қалып қоятынын айтып, бұл мәселеге қатысты ҚМДБ-ның пәтуа шығаруына қарсылығын жеткізген.

Петиция авторы Өзбекстанда қабылданған шараларды мысал ретінде келтірген. Айтуынша, ол елде АХАЖ-да ресми неке қимай, діни неке қиюға рұқсат жоқ. Сондай-ақ екі және одан да көп әйел алуды насихаттауға, соған үндеуге, қолдау көрсетуге әкімшілік жаза қарастырылған. Мұндай заңбұзушылықтар үшін 15-30 базалық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

«ҚМДБ тарапынан әйел және бала құқығын таптайтын ортағасырлық діни дәстүрді насихаттауға, имамдардың «шариғи неке қиюына» заң жүзінде тыйым салу бастамасын қолдауға және осы петицияға қол қоюға шақырамын. Қол қойғандардың саны межеге жеткенде, петицияны ҚР Конституциясының кепілі саналатын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тікелей жолдаймыз», – деп жазады автор.

Еске сала кетсек, мүфтият Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имамға тәртіптік шара қолданғанын хабарлады. ҚМДБ республикалық бас мешіт имамы ҚМДБ-ның ішкі тәртібін бұзып, АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпей, ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзғанын мәлімдеді.

Ал оның алдында депутат Асхат Аймағанбетов елде заңсыз неке қиятын имамдарға жаза енгізу мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, мемлекеттік органның неке туралы куәлігінсіз неке қиған имамдар Қазақстан заңнамасын бұзады. Ал ол үшін жауапкершілік қарастырылмаған.