2025 жылы Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыруға арналған жоба іске қосылады

Опубликовано
Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған / caspibitum.kz

​​Қазақстандағы Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша арнайы жоба қолға алынғаны мәлім. Үкіметтің 2024 жылғы экономикалық өсу жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілген бұл жоба ішкі нарықты отандық битуммен толық қамтамасыз етеді.

2023 жылдың 17 қазанында Тоқаев  Қытайға жұмыс сапарымен барды. «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ мен CITIC Group зауыттың өндірістік қуатын арттыруға арналған жобаны 2024-2025 жылдары іске асыруды көздейтін келісімге қол қойды.

Келісім нәтижесінде «Қаражанбас» кен орнынан шығатын тұтқырлығы жоғары мұнайды жылына 1-ден 1,5 миллион тоннаға дейін қайта өңдеу, битум өндірісін жылына 500-ден 750 мың тоннаға дейін арттыру көзделген.

Өндірісті кеңейтуге арналған жобалық құжаттама 2024 жылдың қыркүйегіне дейін дайындалады.

«2024 жылдың қарашасы  мен 2025 жылдың наурызы кезеңінде жабдықтар мен материалдарды дайындау және жеткізу, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін шартқа қол қойылды. Жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде қосымша жабдықтар мен құбыржолдар, энергия жабдықтары, ТПБАЖ және БӨА (АСУТП и КИП), құрылыс барысы мен  пайдалану кезеңіндегі қосымша жұмыс орындарының түпкілікті саны айқындалады», – деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Зауытты іске қосу 2025 жылдың сәуіріне жоспарланған. Тараптар бұл жоба бойынша бірнеше мәрте кездесу өткізді.

Былтыр ҚазМұнайГаз және CITIC  Ақтау битум зауытының қуатын 750 мың тоннаға арттыруға келісті.

«Битум өндірісі жылына 500 мың тоннаны құрайды. Мемлекет басшысының Қазақстандағы битум өндірісін ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес, біз CITIC компаниясымен өндірісті 50 пайызға арттыру жайлы келісімге келдік. Еліміздегі битум өндірісі 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін өседі», – деген еді сол кезде ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

«Caspi Bitum» БК» ЖШС Орталық Азиядағы жол битумының ірі өндірушісі болып саналады. Зауыт құрылысы 2010-2013 жылдары аралығында жүргізілді. 2013 жылдың 12 желтоқсанында кәсіпорын пайдалануға берілді.

 

Читайте также