Депутаттардың дабылынан кейін Арқалық қаласының әуежайы қайта жөнделетін болды. Ол үшін ең алдымен инфрақұрылымдық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қанат Бозымбаев биыл әуежайдың ұшу-қону жолағы, сондай-ақ инфрақұрылымының жай-күйі зерттелетінін мәлімдеді.
«Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 9,5 млн теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі күні конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Аталған жұмыстар барысында әуежайды жаңғыртудың және ұшақтарға қызмет көрсету үшін жаңа жабдықтар мен арнайы техника сатып алудың орындылығы нақтыланатын болады», – деп мәлімдеді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, 22 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Арқалықта әуежай салу мәселесін жеделдету қажеттігін айтқан болатын. Әуежайдың жоқтығы шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысына инвестициялар тартуға тежеу болуда. Депутаттар әуежайдың қажеттілігін су тасқыны да айқын дәлелдеп бергенін атап өтті. Айтуларынша, авиакерасин сақтайтын қоймалардың болмауынан басқа өңірлерден барған тікұшақтар жанармай болмай, сын сағатта жұмыссыз тұрып қалған.
Еске салсақ, бұған дейін Азаматтық авиация комитеті Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге байланысты мәлімдеме жасаған еді. Комитет әлеуметтік желілерде таралған күрделі жөндеудің болмайтындығы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
«Әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда пайда болған күрделі жөндеудің болмайтындығы туралы ақпараттың БАҚ-та таралуына байланысты елорда әуежайы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. 1 мамырдан бастап Астана қаласының әуежайында бас мердігерімен бірлесіп ұшу-қону жолағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша іс-шаралар басталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айлақта асфальтбетон жұмыстарын жүргізу үшін бас мердігер Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Орал және Петропавл қалаларының әуежайларында әуеайлақ жабындарын қайта жаңартуда тәжірибесі бар компанияны жұмысқа тартқан.