Қазақ тілін білмейтін шетелдіктерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Ішкі істер министрлігі жаңа талаптарды түсіндірді

Жарияланды
Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Енді мемлекеттік тілді білмейтін шетелдіктерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Жаңа талаптың мәнін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев түсіндірді.

Ресми өкіл «Азаматтық туралы» заңға енгізілген өзгеріске тоқталды. Мәселен, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді.

«Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады.Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Айта кету керек, бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет», – дейді ІІМ ресми өкілі.

Шыңғыс Әлекешев азаматтық алуға қатысты шет мемлекеттердің тәжірибесін мысалға алды.

«Мысалы, Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға жоғары талаптар қойылады. Канадада тарихты және жергілікті тұрғындардың міндеттерін білу, сондай-ақ провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білетіндігін растайтын тест тапсыру қажет. Түркияда азаматтық алу кезінде  жалпыға ортақ негізде түрік тілін міндетті түрде білу қажет»,  – деді ол баспасөз брифингінде.

Сонымен қатар ол қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілгенін атап өтті. Яғни Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, басқа мемлекеттің паспортын пайдаланған жағдайда, еліміздің азаматтығы тоқтатылады. Бұған дейін шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана ҚР азаматтығы тоқтатылатын.

Айта кетейік, 16 мамырда мемлекет басшысы «Көші-қон және қылмыстық-атқару жүйесі» туралы заңға қол қойды. Онда экстремистік ұйым мүшелері мен қылмыстық топ жетекшілерінің Қазақстанға кіруіне тыйым салу қарастырылған.

Сондай-ақ елімізде тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Үкімет тиісті қаулыға былтыр 16 қазанда қол қойды. Тұжырымдама аясында кейбір шенеуніктердің қазақ тілін орта деңгейде білуі талап етілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз