Қазақстанда сұранысқа ие мамандығы бар шетелдіктер жарты жылдан артық жұмыссыз болса, тұрақты тұру рұқсатынан айырылады

Жарияланды
ІІМ ресми өкілі «Халықтың көші-қоны туралы» заңдағы жаңа нормаларды түсіндірді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Сұранысқа ие мамандықтары бар шетелдіктер 183 күннен артық жұмыссыз болса, Қазақстанда тұрақты тұру рұқсатынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, елге келетін шетелдіктер отбасын асырай алатын қаржысы барын растауы керек. Көші-қон заңнамасындағы өзгерістерді баяндаған ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев осылай деп мәлімдеді.

Шыңғыс Әлекешев «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түсінік берді. Құжат аясында 7 кодекске, 13 заңға өзгерістер енгізілген. Ол бойынша аса ауыр қылмыс жасағандар, террористер мен педофилдер Қазақстанға кіре алмайды:

  •  Балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және біздің азаматтығымызды алуға рұқсат беруден бас тарту;
  • Шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екендігі туралы мәліметтер болса, елге кіруге тыйым салу бойынша нормалар енгізілді;
  • Ұйымдасқан топтардың көшбасшылары болып табылатын, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын негіздерді қатаңдатылады.

Ведомствоның ресми өкілі «Халықтың көші-қоны туралы заңға жаңа баптар енгізілгенін айтты.

«Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Отбасымен қауышу институтын нығайту мақсатында енді Қазақстан Республикасына келуге визаны ресімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға ғана қатысты болатын», –деді Шыңғыс Әлекешев.

Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары да кеңейтілген. Олар қажет кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай беріледі.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту немесе рұқсаттың күшін жою үшін қосымша негіздер әзірленді. Қажетті кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, бірақ бір жылда 183 күн ішінде мамандық бойынша жұмыс істемегендердің рұқсаты өз күшін жояды. Көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылғандардың тұрақты тұруға рұқсаттан бас тартатын немесе күшін жоятын мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім «жыл ішінде» деп айқындалды. Ел аумағында 183 күннен аз тұратын адамдарға тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою шарттары нақтыланды. Іссапар, оқу, ауру және басқа да нақты себептер болса, шетелдікке тұрақты тұруға берілген рұқсат өз күшін жоймайды, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, шетелдіктердің ықтиярхат алуын жеңілдететін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі өзгереді. «Ашық НҚА» порталында өзгерістер жобасы жарияланды.

«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр», – деп жазылған құжатта.

Бұл тізімге денсаулық сақтау, жаратылыстану ғылымдары, өңдеу өнеркәсібі, IT-технологиялар, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және басқа да мамандықтар кірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, тізбеде барлығы  сұранысқа ие 51 кәсіп қарастырылған. Мұнда салалық мемлекеттік органдар ұсынатын өзгерістер мен толықтырулар ескерілген.

Сұранысқа ие мамандықтар қатарында жасанды интеллект инженерлері, web әзірлеушілер, мобильді қосымшаларды әзірлеушілер бар. Сонымен қатар компьютерлік ойындарды әзірлеушілер, ақпараттық жүйелер сәулетшілері, сервер әкімшілері, ақпараттық қауіпсіздік маманын табуға болады. Бұған қоса графикалық дизайнерлер, суретші иллюстраторлар, акушер гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, сәулелік диагностика дәрігерлері және басқалар да тізімнен табылады.

Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек Қазақстанда 12,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді. Шетелден Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жүрген 565 адам басшылар мен олардың орынбасарлары, ал 2 671 құрылымдық бөлімшелердің басшылары.

Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі – мамандар мен білікті жұмысшылар. Олардың жалпы саны 6466 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам жұмыс істейді. Ал шетелдіктерге жұмыс беріп отырған қазақстандық жұмыс берушілер саны – 1 657. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-ы.

Сондай-ақ оқыңыз